Түркістан облысында балабақшаның төрт қызметкері балаларды ұрып-соққан
Түркістан облысының Келес ауданында балабақшаның төрт қызметкерінің балаларды ұрып-соққаны белгілі болды. Otyrar.kz-тің хабарлауынша, бұл жағдайды ауданның прокурорлары бейнебақылау камераларын қараған кезде анықтаған.
Бейнежазбадан әйелдің бүлдіршінді еден сүрткішпен ұрғаны анық байқалған. Енді әйел 3 жылға сотталуы мүмкін. Сонымен қатар қадағалаушы орган балабақшалардағы санитариялық талаптардың орындалуы мен тамақтың сапасын тексерген. Келес ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұловтың айтуынша, прокурорлар тек бала қауіпсіздігін қарамай, балабақшаға бөлінген ақшаның қайда кетіп жатқанын тексереді. Соны тексеру үшін мониторинг жасалады.
Алдағы уақытта балақайларға берілетін тағамдарды зерделейміз. Бұл әзірше тек 6 балабақшаны тексеру кезінде шыққан дүние. Алда қанша мекеме бар. Бұл жұмысты 20 күнде аяқтаймыз. Біз бала құқығының сақталып жатқанына көзімізді жеткізу үшін бар жағдайды жасаймыз, – деді ол.
Жақында Шымкенттегі жекеменшік балабақшада да дәл осындай жанжал шыққан болатын. Онда балабақша тәрбиешісінің баланы тәрбиелеу кезінде қатыгездікке барғаны анықталған. Қалалық Білім басқармасы ұрып-соғудың болмағанын, әйелдің бүлдіршіндерді тынышталуға шақырғанын айтса да осы оқиғадан кейін тәрбиешінің көмекшісі өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Жекеменшік балабақша меңгерушісіне қатаң сөгіс жарияланды.