Түркістан облысында әскерилер пойызда науқастанған жолаушыларға көмек көрсетті

0

2018 жылғы 22 желтоқсан 04:00 290

Түркістан облысында әскерилер пойызда науқастанған жолаушыларға көмек көрсетті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Түркістан облысындағы 6698 әскери бөлімінің қызметшілері «Түркістан — Астана» бағытындағы пойызда нақастанған жолаушыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған әскери бөлімнің қызметшілері майор Ескендір Сараубеков пен Нұржан Баденов, аға лейтенант Қуаныш Ахметов пен 3-сыныпты сержант Бауыржан Тоқмағанбетов Шымкенттен Қарағандыға кезекті шақырылушыларды жеткізу үшін пойызға отырған.

«Түркістан — Астана» бағытындағы пойызда майор Ескендір Сараубеков пен әскери бөлімнің дәрігері Қуаныш Ахметов 60 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Серікжамал Әбдіраеваның тынысы тарылып, қиналып жатқанын байқап қалған. Зейнет жасындағы әйелдің созылмалы демікпе ауруы өршіп, оған қажетті дәрі-дәрмегі аяқталып қалған екен. Әскерилер оған тиісті медициналық көмек көрсеткен. Сондай-ақ, Ұландықтар пойыздың 9-шы вагонында кішкентай бүлдіршіннің қатты жөтеліп жатқанын біліп, оған да көмекке келеді. Баланы емдегеннен кейін ол тынышталып, ұйықтап қалған»,- делінген хабарламада.

Әскерилердің дәрігерлік көмегі мұнымен шектелмеген. Олар сонымен қатар түн жарымда ыстығы көтерілген 18-вагон жолаушысына да медициналық көмек көрсетеді. Аға лейтенант Қуаныш Ахметов ес-түзсіз жатқан бойжеткенге ем-дом жасап, үйіне жеткенде емханаға жүгінуге кеңес берген.

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz