Түркістан облысында әскери бөлімге жақын жерде өрт болған
Түркістан облысында №2020 әскери бөлімге жақын жерде өрт болды деп хабарлайды Қазақстанның ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдай комитетіне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.
«6 шілдеде сағат 21:02-де өрт сөндіру қызметіне Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Сарыағаш қаласынан 120 шақырым жердегі №2020 әскери бөліміне жақын жерде құрғақ шөптің жанып жатқаны туралы хабар түсті» деді комитеттінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов. Оның айтуынша, шамамен бір жарым сағаттан соң өрт сөндірілген.
Комитет дерегінше, өртенген аумақ көлемі үш гектар жерді құрайды. Зардап шеккендер жоқ.
6 шілде түнде әлеуметтік желіде «Түркістан облысында әскери қалашық жақтан өрт шыққаны» туралы ақпарат тарап, түрлі видео пайда болды.
Түнде түсірілген видеолардың бірінде өрттің үш жақтан қатар шыққаны, лаулап жанып жатқаны көрінеді. Өртті алыстан түсіріп тұрған видео авторы «біреуінің жасыл қамысқа келіп тіреліп, сөне бастағаны, біреуінің керісінше қаттырақ жана бастағанын», «өрттің әскери қалашық ішіне қарай ойыса бастағанын» айтады. Бірақ бұл видеоның нақты 6 шілдеде түсірілгені-түсірілмегені белгісіз.