Түркістан облысында ағалы-інілі екі жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында ағалы-інілі 31 және 34 жастағы азаматтар қалың ұйқыға кетіп, қайта оянбаған. Марқұмдардың мәйітін тек ертесіне, үйдің иесі жатқан жерлерінен тауып алыпты.

 

Тепсе темір үзетін екі адамның аяқ асты өліміне не себеп? Полицейлердің алғашқы болжамы қалай? Бұл туралы Евразия хабарлайды. 

Елді елең еткізген жағдай Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында болған. Өзбекстанда туылып, Қазақстанға көшіп келген ағайындылардың денесі дәл осы елді мекеннен табылған. Жергілікті жұрттың айтуынша, олар осында жұмыс іздеп келіпті. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан өзгенің отбасында бақилық болған. 

«Ішімдіктен болған деп айтып жатыр ғой. Жанесенов Мараттың жақсылығы көп қой. Он бес күн үйінде тұрса да сол жерлеп, жетісін беріп, бәрін өз мойнымен көтерді. Ақырғы сапарға шығарып салды», — дейді тұрғын.

Ағалы-інілі екі жігіт осы ауылдың тұрғыны әрі Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жансеріковтың отбасында жалданып, жұмыс істеген. Оларға қорадағы төрт түлікпен айналысу ісі міндеттеліпті. Сол күні қожайынның отбасымен бірге кешкі ас ішіп, тынығуға өз бөлмелеріне кеткен. Алайда, сол кеткеннен қайта оралмапты. 

«Есікті ашсам екеуі жатыр. Біреуі етпетінен біреуі шалқасынан. Ортасында пластикалық бутылкада ақ түссіз сұйық зат, арақ па ішкен», — дейді тұрғын Гүлсара Жанесенова. 

Гүлсара апа аудан әкімі орынбасарының жұбайы. Үйде жолдасы екеуі ғана тұрады екен. Қос жұмысшыны осыдан екі апта бұрын күйеуі ертіп алып келіпті. Айтуынша, олардың барар жері мен басар тауы болмағандықтан, әкелген көрінеді. Жайлы баспана, жылы төсек, жеке бөлме берген. Ол жерде әлгі ағайындылар тек жатын кезде ғана болатын, ал, қалған уақытта мал қарап, бізбен бірге жүретін дейді. Сол түні екі жұмысшы өз бөлмесінде жасырын ішімдік ішіп, ізінше уланып қалуы мүмкін екен.

Оқыс оқиға міне, мына бір шағын бөлмеде болған. Інісі мына төсекте етпетінен, ал, ағасы мына жерде жатып, қатып қалыпты. Екеуінің ортасында пластикалық ыдыста сұйық зат табылған. Алдын ала болжам бойынша, ол екеуі осы жерде отырып, ішімдік ішкен. Сөйтіп, уланып өлген. 

Тәртіп сақшылары екі мәйітті тексеріп, зорлық белгілері жоқ деген тұжырымға келген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

«Бұл жәйт, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің біріңғай тергеп-тексеру тізіміне тіркелді. Адам мәйіті табылу бойынша. Қазіргі таңда бірнеше сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», — дейді облыстық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Марқұмдар бұған дейін отбасылы болғанымен, ажырасып кеткен көрінеді. Ата жұртқа осыдан он жыл бұрын көшіп келіпті. Жақын туысынан тек анасы ғана бар екен. Оның өзі Алматыда тұрады. Бірі жұмыс берушіні танитын болғандықтан, жуырда екі қолға бір күрек сұрап осы үйге келген екен. Қайтыс болған ағайындыны үй иесі арулап, соңғы сапарға шығарып салған.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz