Түркістан облысында 8 сынып оқушысы суға батқан 3 жасар бүлдіршінді құтқарып қалды (видео)
Түркістан облысында 8 сынып оқушысы байқаусызда арыққа құлап, тұншығып қалған 3 жасар бүлдіршінді аман алып қалуға себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің мәліметінше, оқиға Мақтаарал ауданының Абай ауылында болған. 3 жасар бүлдіршін үйден шығып, байқаусызда арыққа құлап, суға батып кеткен. Оны атпен шауып бара жатқан жасөспірім көріп қалып, шалшық судан алып шығып, үлкендерді көмекке шақырған. «Абырой болғанда үш жастағы бүлдіршін аман қалды. Ауыл тұрғындары есінен танып қалған баланың аяғы мен қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен. Артынша жедел жәрдем қызметін шақыртқан», — деп жазады басылым. Кейін аудан орталығынан келген дәрігерлер баланың денсаулығын тексеріп, жағдайы бірқалыпты, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ деп қорытынды жасаған. Түркістан облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, балақайды құтқарып қалған оқушының есімі — Нұргелді Нұрполат. Ол Жамбыл ауылдық округіне қарасты Кеңесшіл ауылында тұрады. №37 Үкібай орта мектебінде 8 сынып оқушысы.