Түркістан облысында 4 миллионға жуық ақшаны заңсыз иемденген ер адам ұсталды — Қылмыс

0

Түркістан облысында полицейлер үлкен көлемде заңсыз ақшаны иемденген күдіктіні ұстады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2018 жылдың 29 қарашасында Отырар АПБ-не хат келіп түскен. Онда мекеменің бір қызметкері үлкен мөлшерде ақшаны заңсыз иемденіп, қашып кеткені айтылады.

«Отырар АПБ-нің қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы оқиға орнына келіп, мекеме қызметкерінің жалақыға бөлінген 3 800 000 теңге ақшаны иемденіп, белгісіз бағытта қашып кеткенін анықтады. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізу барысында күдіктінің Отырар ауданының тұрғыны екені анықталып, ол Тараздан ұсталды»,- деп хабарлады полицейлер.

Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында айғақты зат ретінде ұрланған ақшаның бір бөлігі, яғни 1 миллион теңгесі тәркіленіп алынды. Қалған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы бойынша реестрге тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.