Түркістан облысында 16 құрсақ көтерген ана тұрады
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылындағы Қожамбердиевтер отбасын көпшілік өсіп-өнген өнегелі әулет деп біледі. Отанасы Әнжір Қожамбердиева өмірге алып келген 11 қыз, 5 ұлдан бүгінгі күні 70 жуық немере, 50-ден астам шөбере сүйіп отыр.
Көп балалы отбасы Оранғайға Түркістаннан көшіп келген. Жолдасы Анарбай екеуі көптеген жылдар бойы теміржолда жұмыс істеген. Бала тәрбиесіне баса көңіл бөлген олар ұл-қыздарына жақсы тәлім беріп, көпшіл етіп өсірген. Бүгінде перзенттері әртүрлі саланың білікті мамандары. Кейуананың үлкен ұлы 66 жаста болса, кіші қызы 42-де.
Аудандық әкімдік те көп балалы анадан әрдайым хабар алып, құрмет көрсетіп отырады.
Бүгін де Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Әнжір Қожамбердиеваның үйіне арнайы барып құттықтады.
Ақ жаулықты ана да қала басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді.
Қазір Әнжір әжей 87 жаста. Кенже ұлы Ерлан мен келіні Сәрсенкүлдің шаңырағында отбасының ұйытқысы болып отыр. Әр мереке сайын ұл-қыздары қарашаңырақта бас қосып отырады. Аналарының ақылын тыңдап, кеңесіне құлақ асады. Алтын құрсақты ана да әр күн сайын елдің амандығын Алладан тілеп дұға жасайды.
Жалпы, Оранғай ауылдық округінде 10 және одан да көп баланы өмірге алып келген жиырмадан астам алтын құрсақты ана бар. Ал, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің саны жүзден асады екен.