Түркістан облысын тағы да су басты — Қазақстан жаңалықтары

0

13 мамырда кешке Түркістан облысында нөсер жаңбыр жауып, су деңгейінің көтерілуіне байланысты ондаған жеке үй су астында қалды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Облыстың төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Төлеби ауданының Жоғарғы Қасқасу ауылында қатты жауынның салдарынан Қасқасу өзені тасып, ауыл ішіндегі 4 көпірді шайған. Ал Екпінді ауылында аталған өзенде су деңгейінің көтерілуіне байланысты төрт жеке үй мен 15 аула аумағын су басты.

Шымкенттегі Еңбекші ауданының Елтай ықшамауданында Төлеби ауданынан суару каналдары арқылы ағып жатқан су 60 ауланының аумағына кірген. Тұрғындарды құтқарушылар, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері Тоғыс ауылының № 120 және № 119 ОМ эвакуациялық пункттеріне эвакуациялап жатыр.

Сонымен қатар, суды тартып шығару және арықтарды механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды.

Otyrar.kz хабарлағандай, Елтай тұрғын алабында эвакуациялық пункттерге 150 адам эвакуацияланды,150-ге жуық адам туысқандарына кетті. ТЖД мобильді тобы дауыс зорайтқыштардың көмегімен елді мекен тұрғындарын эвакуациялау туралы хабардар етті.

«Тұрғын үйлердің аулаларындағы су деңгейі 20-50 сантиметр. Қазіргі уақытта су ағыны секундына 3-5 текше метрді құрайды», — делінген хабарламада.

Басылымның ақпараты бойынша, Төлеби ауданында төтенше жағдай орнына аудан әкімі Бауыржан Омарбековтың бастамасымен құрылған жұмыс тобы келді. Көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Шымкент шекарасындағы Сұлтан Рабат ауылында да су көп, жолдар өзенге айналды. Бұл туралы куәгерлер хабарлады. Ленгерде де осындай жағдай. Қазығұрт ауданында Жігерген ауылдық округі тұрғындарының үйлерін су басты.

stan.kz