Түркістан облыстық соты журналист Батырбековті кепіл хатпен қамаудан босатпады

0

6 қаңтар күні Түркістан қаласындағы Түркістан облыстық соты «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарауды жалғастырды. Отырыста Батырбековтің адвокаты Шынар Ермекова журналистің апелляциялық шағымы қаралып жатқанда оны кепіл хатпен қамаудан босатып, үйіне жіберуді сұрады. Бірақ судья адвокат шағымын қанағаттандырмады.

Судья Таубай Қадырбаев қаулыны «Батырбековтің апелляциялық шағымы қаралып жатқанда қамаудан босатуға негіз жоқ» деп түсіндірді.

Сот барысында судья Таубай Қадырбаев Шымкенттегі сот сараптамалары орталығының 2019 жылдың 25 қарашадағы Батырбековтың әлеуметтік желіде жариялаған «Торғай аулау ма, әлде «тупить» ету ме?» атты жазбасына қайта тағайындалған сараптама қорытындысын оқыды. Сараптама орталығы журналисттің жазбасында жәбірленуші Абдиевтің «ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиіп, қорлау сипатында қолданылған сөздер бар» деген қорытынды берген.

Орталықтың қорытындысына келіспеген айыпталушы тарап өз өтініштерімен «Әділ сөз» қоғамдық қорының дәл осы жазбасына жазған қорытындысын іске тіркеуді сұрады. Бұл талап-тілекті талқылаған сот алқасы қоғамдық қордың сараптамасын іске тіркеуге қаулы етті.

Қоғамдық қордың сараптама қорытындысын айыпталушы Амангелді Батырбеков оқыды. Қорытындыда журналист жазбасында жәбірленуші Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін қорлау сөз жоқ екені айтылды. Екі сараптаманы да іске тіркегеннен соң сот алқасы іс құжаттарымен танысуды бастады.

6 қаңтардағы сот отырысының алдында Қазақстанның әр аймағынан келген ондаған адам соттан Амангелді Батырбековті қамаудан босатуды талап етті. Олар «Амангелдіге бостандық!», «Шындықтан қашып құтылмайсыңдар!» деп айқайлады. Астанадан келген белсенді Марат Дәрібеков «журналист жазықсыз сотталып жатыр, жазықсыз сотталуына жол бермейміз» деді. Оның сөзін Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қарағандыдан келген белсенділер қолдады.

Сотқа жетпіске жуық адам келді. Олардың біразы сот залына сыймай қалды. Сотқа келгендер процесті күту залынан теледидардан бақылап отырды.

Апелляциялық сот 8 қаңтарда жалғасады.

23 қыркүйек күні Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековты Қылмыстық Кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Оның үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған.

Түркістан облыстық соты Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатқанда «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева да Батырбековтің үстінен «Жала жабу» және «Қорлау» бабы бойынша Сарығаш аудандық сотына шағымданған. Дарханбаева Батырбековпен бірге «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» тағы бес адамды сотқа берген. Олардың ішінде Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар.

Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін биыл түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF)мен «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

Azattyq