Түркістан мен Қазанды бауырлас қалаларға айналдыру ұсынылды
Татар елінің белді кәсіпкерлер тобын бастап келген азаматтарға, алғысын білдірген өңір басшысы өнеркәсіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, туризм, транспорт және қауіпсіздік салаларына IT-технология жүйелерін енгізуде әріптестік орнатуға облыс ынталы екенін айтты. Сондай-ақ Түркістан мен Татарстан астанасы Қазан қаласын бауырлас қалаларға айналдыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде, Татарстанның Қазақстандағы Өкілетті уәкілі Д.Валеев Түркістан облысымен көптеген салаларда ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін, бауырлас ұлттардың рухани байланысы да беки түсетінін айтып өтті.
Кездесу нәтижесінде, Түркістан облысының әкімдігі мен Татарстанның «БАРС Груп» АҚ арасында инновациялық ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласында ынтымақтастық меморандумы түзілді. Аталған құжатта электронды мемлекеттік қызмет көрсетуде инновациялық ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері қамтылған. Айта кетелік, машина құрастыру, мұнайхимия, әскери-техникалық, көлік-логистикалық салалары аясында кәсіпкерлер әріптестік орнатып келе жатқан Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымы 2017 жылы 700 млн. АҚШ доллары болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге өскен.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/