Түркістан – бірліктің бастауы

0

Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) мен Түркіс­тан облысы әкімдігі тізе қо­сып, Түркістан қаласында ұйым­дас­тырған «Киелі Түркістан және түркі дүниесінің жаңғыруы» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция түркі әлемінің рухани жаңғыруға, бауырлас халықтарды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар мен ұлт танымында айрықша орны бар орындарды бірлесе наси­хаттауға бейіл екендігін байқатты.

Қыркүйек айында Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев ұсын­ған «Түркі дүниесінің киелі жерлері» және «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» атты жобаларды жүзеге асыру түркітілдес елдер үшін іс жүзінде рухани серпіліске айналуы бек мүмкін. Содан да болса керек, жиында тура осындай атаумен арнайы секциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Түркі тілдері мен жазуы» аталатын секция да жұмыс істеді.

Конференцияға жиналған ғалымдар түркі әлемі үшін киелі саналған орындар мен түркі жұртының тұғырлы тұлғаларын таныту өзекті екендігіне айрықша назар аударды. Әрі мұндай ауқымы кең, рухани сипаты ерекше бастамалар­ды жүзеге асырудың түркі ұрпа­ғының киелі мекені саналатын Түркістанда басталуы тіптен бөлек көңіл күй сыйлаған тәрізді. Жиынға келген зерттеушілер Қазақстанда басталған рухани жаңғырудың түркі дүниесіне қанатын жайғанына разы. Демек, ертеде Күлтөбенің басында қазақ қана күнде жиын қылса, ХХІ ғасырда күллі түркі жиналмаққа бекінді. 

Түркістандағы конфе­ренцияда бірден көне шаһардың түркі әле­міндегі тұғырын одан әр­мен биіктете түсетін бір­не­ше жа­ңалыққа куә болдық. Әрине, бі­рінші кезекте «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын түркі дү­ниесі де жылы қабылдағаны бай­­қалды. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жиынның ашылу салтанатында: «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақ елінде ғана емес, Түркі дүние­сінде де зор серпін тудыр­ғаны анық. Сондықтан биылғы саммитте Елбасы тарихи маңызы зор бағдарламаны түркі әлемінде насихаттауды Түркі академиясына тапсырған болатын.

Сонымен бірге биыл жауһар жырларына Түркістанды арқау еткен ақын Мағжан Жұмабаевтың туға­нына – 125 жыл, Түркі әле­міне ортақ заңғар жазушымыз Шыңғыс Айтматовқа – 90 жыл, түркі жазуының алғаш рет табылып, оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы ша­раның барлығын жыл басында ЮНЕСКО-да және Париж қаласында атап өткен бола­тынбыз. Міне, жылдың жа­бы­­луын Түркістанда атап өтуі­міз­дің символикалық мәні зор. Себебі Түркістан – түркі әле­мінің темірқазығы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей назарындағы шаһар», деді. Де­мек, Түркістан мен руха­ни жаңғыру бір-бірімен үйлесіп, түркі жұртының ақы­рып теңдік сұрайтын дәуірінің есігін аш­пақ. Екінші жаңалық, Түр­кістан облысының басшылығы ай­мақтың дамуында түркі әлеміне айрықша назар аударуға бекінгені байқалады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына қатысты жос­пар­ларын айта келе: «Таяу уақытта Түркістанда түр­кі әле­мінің орталығы бой кө­тереді. Мұнда бүкіл түркі дүние­сінің ойшылдары мен ағар­ту­шыларының, ғалымдарының ең­бектері қойылып, ғылыми же­тістіктері көрсетіледі.

Елбасы ұсынған «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын Түркістанда жү­зеге асыруға толық мүмкіндік бар. Облысымыздың тарихи орындарын «Түркі әлемінің киелі жерлері» тізіміне енгізу жұмыс­тары жүргізіледі. Соны­мен бірге Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізуге де дайынбыз!», деді. Соны­мен қатар адам саны 200 мил­лионнан астам түркі ха­лықтарының Қазақ­стандағы өзгеріс­терден үміт ете­тін, бірлік пен береке болса, сый­ластық болса, бауырлас халық­тар­дың алмайтын асулары жоқ екендігін айтты. 

Түркістан түркі интеграциясын тереңдетуге де үлес қосуда. Көне шаһарда өткен конференцияда TWESCO мен Түркістан облысы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Осылайша академия алғаш бел­гілі бір аймақпен ынты­мақ­та­суға бекінген жайы бар. Бұл келісімнің нәтижесінде өңірде академияның бөлімшесі ашылатын болды. Сонымен қатар TWESCO мен Өзбекстан ғылыми академиясының арасында да өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, түркі әлеміндегі ғы­лыми-интеллектуалдық интеграция қанатын тағы да кеңге жая түсті. Әдетте түркі жұртының бір­лігі жедел жүзеге асып, «жұ­мылған жұдырықтай болсақ қой» деп армандайтын кездеріміз болады. Бұқараның да көкейінде осы сауал жүретіні бар.

Бірақ интеграция дегеніңіз бір-екі айда, тіпті бірнеше жылда жүзеге аса қоятын дүние емес. ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бері бір одаққа бірікпек болған Еуропа жұрты жаңа ғасырдың басында ғана армандарына жеткендей болған. Бірақ соның өзінде сол одақтан бөлініп кеткендер бар. Демек, түркі бірлігі, түркі ин­теграциясы мәселесі ең алды­мен рухани-гуманитарлық бағытта өрбігені жөн. «Киелі Түр­кістан және түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» деп аталатын конференция да – осы санадағы сілкіністі жеделдетіп, рухани бірліктің қалыптасуына қызмет ететін шаралардың бірі. Ал жиы­нда айтылған пікірлер, тың ұсыныстар сөз жоқ Түркі кеңе­сінің VI саммитінде көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға бағытталары сөзсіз. 

Түркі тұлғалары-баршаға ортақ

Түркі жұртының арғы-бергі тарихында ел үшін еңіреген ер­лер, ұрпақ үшін көз ма­йын тауысқан оқымыстылар мен қай­раткерлер, батырлар мен бағландар, саясаткерлер, қолбасшылар, қысқасы «Түркі дегенің кім?» десе, «Мен!» дей алатын тұлғалар көп өткен. «Түр­кі әлемінің тұғырлы тұлға­лары» деп аталатын жоба сон­дай аймаңдай арыстарды түген­деп, күллі түркіге таныстыру мақ­сатын көздейді. Әлбетте, көп­­шілікке таныс қайраткерлер мен есімдері аңызға айналған баһадүрлер, шайырлар, ғалымдар аз емес бізде. Бірақ туған халқы­ның игілігіне қызмет қылған, сөйте тұра туысқан жұртқа есім-сойы белгісіз тұлғалар да бар. Сондықтан, түркі дүниесінің тұғырлы тұлғаларын анықтайтын критерийлер әзірлеу, жасалған тізімді көпшілікке таныстырудың механизмдерін ойластыру өзек­ті мәселе болып тұр. Тіпті, қа­дым­нан бастаймыз ба, бүгінгінің қайраткерлеріне назар аударамыз ба деген сауал да көлденең тұрады. Демек, мұндай ірі жобаларды жүзеге асыру үшін алдымен кеңесіп, келісіп алмақ керек. Түркістандағы жиынның көздегені де осы. 

Қазір Қазақстанда жүргізіліп жатқан «Қазақстанның 100 жа­ңа есімі» жобасы мен «Түркі әле­­мінің тұғырлы тұлғалары» жо­басының мазмұны да, формасы да бір-біріне ұқсамауы мүмкін. Әрине, отандық жаңа есімдер еліміздің дамуына еңбек сіңіріп жүрген азаматтардан құралса, түркі әлемінің тұлғаларын анық­тау кезінде мүлде басқа талап қойылады. Айталық, әл-фара­биді, Махмұд Қашқариді немесе Ұлықбекті түркі әлемінің тұлғасы қатарына қосуға болады. Сонымен қатар ХХ ғасырдың да қайраткері мұндай құрметке лайық болуы мүмкін. Сондықтан «Түркі әлемінің тұғырлы тұл­ғалары» жобасын жүзеге асыру оңай шаруа болмайды. Сек­цияда баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Әб­саттар Дербісәлі тұғырлы тұл­ға­лар қатарына тек Түркістан қала­­сының өзінен шыққан онда­ған тұлғаларды қосуға болатынын атап өтсе, үндістандық ғалым Мансура Хайдар Орталық Азияда өмірге келген көптеген әулие мен ғұламаның өңірдегі саяси-мәдени процестерге ерекше ықпал еткенін айтты. Ал ресейлік ғалым Антон Порсин Жошы ұлысына ислам дінінің таралуында өзіндік рөл ойнаған Берке ханның ғұмыры туралы баяндады. Бір сөзбен айтқанда, «Түркі әлемінің тұ­ғырлы тұлғалары» жобасын жү­зеге асыру үшін кезеңдер мен салалық бағыттар маңызды рөл ойнайтыны белгілі болып отыр. Сондықтан секцияға қатысушылар жобаны жүзеге асыру критерийлерін әзірлеудің өте маңызды екендігіне тоқталды. 

Халықаралық кеңес құру ұсынылды

«Киелі» және «киелі жерлер» сөзі арнайы зерттеуді және нақтылауды қажет етеді. Өйткені түркі әлемінің тілдерінде айтылуы мен түсіндірілуі әртүрлі. Бұл орайда кең ауқымда мамандар мен сарапшыларды қатыстыра отырып, «киелі» және «киелі жерлер» санатын анықтау мен мәнін түсіндіру бойынша арнайы зерттеу жүргізу қажет.

Халықаралық ғылыми-тео­риялық конференция шеңбе­рінде өткен «Түркі әлемінің киелі жерлері» тақырыбындағы секцияда осындай ұсыныс жасалды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қырғызстанда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ын­ты­мақтастық кеңесінің VI сам­митінде түркі халықтары үшін қасиетті ұғымдарды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты қалдыру үшін «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобасын қолға алуды ұсынған болатын. Елбасы сол саммитте Алтайдан Анадолыға, Байкалдан Балқанға дейінгі атырапта, Са­харада байырғы баһадүр баба­ларымыздың іздері сайрап жат­қанын айта келе, жоба түркі әлемінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға зор үлес қоса­тынына сенім білдірген-ді. Түркі дүниесінің киелі жерлерін анықтау жобасын әзірлеу мен оның критерийлерін белгілеу жайы, іске асыру мерзімі мен кезеңдері, тәртібі және өзге де мәселелер талқыланған секция жұмысында ғалымдар жасаған баяндамалардың негізінде де Ел­басы бастамасын жүзеге асы­ру мақсаты жатқаны аңға­рылды.

Сондай-ақ ғалымдар өз елдеріндегі киелі жерлер мен жұрт табынатын әулиелер жөнінде кеңінен әңгімеледі. Мы­салы, Ресей Федерациясының Хакасия Республикасынан келген профессор Виктор Бутанаев Хангорайдың аумағындағы киелі жерлерге, аңыздарға тоқталды. Хакас халқынан шыққан танымал шығыстанушы, этнограф ғалым, тарихшы, фольклортанушы баяндамасында Ени­сейдің оң жағалауында, Саян қыраттарындағы «Омай тас» туралы айтып өтті. Жалпы, ежелгі түркі халықтарында патриархалды басқару жүйесі болғанымен, түрлі деректер, ғылыми зерттеулерде көшпелілер мәдениетінде әйел затына деген құрмет, ізет ерекше болғандығы айтылады. Ұмай әйел рухы (диалектілерде: Ұмай, Омай және Ымай), хакастар сенімі бойынша, адамдарға көрінбей әрдайым көк аспандағы бұлттар арасынан нәрестелердің дүниеге келуін қадағалап, оларды пәле-жаладан сақтайтын көрінеді.

Тарихшылар дерегіне жүгінсек, Ұмай – көк түркілер дәуірінде (VI-VIII ғғ.) Алтайдың шы­ғысына қарай, қазіргі моңғол және қытай далаларын мекендеген түріктер дүниетанымындағы мифтік образдың бірі. Хакас халқының сенімі бойынша Ұмай әйел құдай балалардың жан­дарын өзінің «шіркеуінде» Амай тауында сақтайды екен. В.Бутанаевтың айтуынша, Абакан өзенінің сағасындағы Ирттаг тауында хакастардың батыры Ир-Тохчын «ұйықтап» жатыр. «Кезекті ерлігінен соң Ир-Тохчын Ирттаг тауына көтеріліп, басын ерге қоя мәңгілік ұйқыға кеткен. Әлі күнге дейін бұл тау­дың төбесінде қыста ұлы ба­тырдың демінен пайда болған ақ бу будақтайды. Аңыздарда айтылғандай, ұйқыдағы Ир-Тохчын бейбіт өмірдің соңғы жылы өз халқын құтқару үшін оянады», дейді этнограф ғалым В.Бутанаев. Ал Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің профессоры Ғ.Бабаеров Түркі қаға­наты бойынша жасаған зерттеулеріне және Түркістанда шығарылған монеталардағы жа­зулардың мән-мағынасына тоқталды.

Қазақстанның киелі жерлері 5 топқа біріктірілгенін айтып өткен педагогика ғы­лым­­дарының докторы, профес­сор Ұлжалғас Есназарова Түр­кістанның географиясын факуль­тативтік пән ретінде мектеп бағ­дарламасына енгізуді ұсынды. Елімізде әлемде кездеспейтін өсімдіктер де, жануарлар да баршылық. Алайда, олар бірінші ашқан немесе тапқан адамның есімімен аталып кеткен. «Мысалы, грейг қызғалдағы, тауда өсетін шыршаларымыз зерттелгенге дейін де қазақ жерінде өскен ғой. Пржевальский жылқысы дейді, оған дейін біздің Сарыарқада тобымен жүрген құланымыз болған. Басқа жерде жоқ қараторғайымыз бар», дей келе ғалым барымызды бағалауға шақырды. Сондай-ақ баяндамашылар түркі әлеміндегі жер-су атаулары жөнінде де кеңінен әңгімелеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

«Түркі әлемінің киелі жер­лері» тақырыбында өткен сек­цияға қатысушылар жасалған баяндамалар мен пікірлерді сарап­тай келе, ғылыми-теория­лық конференцияға бірқатар ұсыныс дайындады. Мысалы, «түркі елдерінің дастандарында, әпсаналар мен аңыздарында айтылған киелілік пен киелі жерлер», Түркістанның және Түркістан өңірінің киелі жерлеріне зерттеу жүргізу жобаларын жү­зеге асыру қажет. Сондай-ақ қа­тысушылар Түркістанды және Түркістан облысын қайта тү­лету мақсатындағы нақты кө­мек ретінде «Орталық Азия көш­пен­ділерінің ою-өрнек мәде­ниеті» жобасын жүзеге асыруды ұсыну қажет деп есептейді. Киелі жерлер мәселесі бойынша Түркі әлемі елдерінің сарапшылары мен мамандарының дерекқорын жасау да маңызды. Түркі әлемінің киелі жерлері бойынша Халықаралық кеңес, Туристік және мәдени бағыттар дайындау мақсатында «Жібек жолы қорғандары» арнайы бағытын құру да ұсынылды. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз