Түркіменстанда оқушыларды президент кітаптарын сатып алуға мәжбүрлеп жатыр

0
62

Түркіменстан астанасы Ашхабад мектептерінде оқушыларды ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жазған кітаптарды сатып алып, мектепке өткізуді міндеттеп жатыр. Бұл туралы Азаттықтың түркімен қызметі хабарлады.

Президенттің әр кітабы шамамен 400 манат (ресми емес нарықтағы курс бойынша шамамен 20 доллар) тұрады.

«Өткен аптада №12, 48, 50, 54 және 160 орта мектептері көктемгі демалыста жүрген 10-11-сынып оқушыларын шақырып алып, әрбірін Бердімұхамедов жазған бір кітапты сатып алып келуге мәжбүрлеген. Мұғалімдер қай оқушы президенттің қай кітабын әкелуге міндеттелгені туралы тізім жасаған» деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Мұғалімдер ата-аналарға «енді мектептерде президент кітаптарының көрмесі ұдайы өтіп тұрады» деп түсіндірген.

Бірнеше мектептің басшылығы «Көрме мектепке келетіндердің бәріне көрінетін жерде өткізіледі. Ал кітаптарды оқушылар өткізуі тиіс. Мектептердің әкімшіліктеріне осындай тапсырма келіп түсті» деген. Олардың айтуынша, оқушылар кітаптарды 1 мамырға дейін әкелуі тиіс.

Бердімұхамедов өз атымен 40-тан аса кітап шығарған. Оның ішінде елдегі шипалы өсімдіктер жайлы он томдық «еңбегі» де бар.

Кейбір кітаптарында президент жылқылар, белсенді өмір, өсімдіктер әлемі, халықаралық саясат, шайдың пайдасы мен патриотизм туралы баяндайды. Мемлекеттік БАҚ бұл кітаптарды мақтап, күн сайын тұтас бір бөлімін эфирден оқиды.

Azattyq