Түркіменстан өз әлеуметтік желісін ашты

0

Түркіменстанда мемлекеттің жеке «Биз бярде» («Біз осындамыз» немесе қысқаша «Би-Би») деп аталатын әлеуметтік желісі ашылды. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі жергілікті ақпарат агенттіктеріне сілтеме жасап хабарлады. Жаңа әлеуметтік желі 23 желтоқсан күні таныстырылған.

«Сунгат эсери» продюсерлік орталығының бас директоры Азиз Бекназаров әлеуметтік желі туралы «Біз өніміміз қолданушыларға ұнауы үшін көп жұмыс істедік және үлкен қиындыққа тап болдық. «Биз бярде» желісін мінсіз деуге болмайды, бірақ көптеген параметрлері бойынша Түркіменстандағы басқа әлеуметтік желілерден кем соқпайды» деген.

Оның сөзінше, қазірге дейін әлеуметтік желі қосымшасын бес мыңнан астам қолданушы жүктеген, үш мыңнан астамы тұрақты қолданады.

Түркіменстанда қазір танымал әлеуметтік желілер, оның ішінде Facebook, Twitter және Instagram бұғатталған. Қолданушылар оларға прокси серверлер арқылы кіруге мәжбүр.

Елде прокси серверді қолданушылар интернетке жиі кіре алмай қалады және оларды қауіпсіздік қызметкерлері «әңгімелесуге» шақырып тұрады.

Дереккөз: Азаттық