Түркімен шенеуніктері қымбат курортқа баруға мәжбүр

0

Түркіменстанның солтүстігіндегі Дашогуз аймағының көптеген шенеунігі биыл жазда қайда барып демалатындарын өздері шешпейтін болды.

Сөз бостандығы қатты шектелген елдегі бірнеше мемлекет қызметкері Азаттыққа аты-жөндерін жарияламауды сұрап, үкіметтің Авазадағы курортқа билет алғызып жатқанын айтты. Каспий теңізінің жағасындағы бұл демалыс орны қымбат болғандықтан қонақ үйлері қаңырап тұрады.

— Бізге [Авазаға] бармай қалғандар 100 пайыз жұмысынан айырылатынын айтты, — деді дашогуздық бір шенеунік Азаттық тілшісіне.

Шенеуніктердің сөзінше, Аваза курорттарындағы 10 күндік демалыс құны жан басына шаққанда орта есеппен 740 АҚШ доллары болып шығады.

Авазадағы бір қонақ үй алдында өнер көрсетіп жатқан биші қыздар.

Авазадағы бір қонақ үй алдында өнер көрсетіп жатқан биші қыздар.

Дашогузда сатылып жатқан жолдаманың ішіне қонақ үй мен таңғы ас кіреді. Бірақ түркімен шенеуніктер көлікке, түскі және кешкі асқа өздері төлеулері тиіс екендерін айтты.

Дашогуздағы билік өкілдері Азаттықтың комментарий сұраған өтінішіне жауап бермеді.

Табиғи ресурстарға бай болғанына қарамастан бұл елдегі мемлекеттік қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 230 АҚШ долларына тең.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері біразға дейін Түркіменстан азаматтары тегін су, газ бен электр қуатының қызығын көрген. Тіпті тұз сияқты кейбір тауар тегін таратылған.

Avaza

Avaza

Бірақ шөлейттегі пост-советтік ел қысқа тарихындағы ең қатты экономикалық дағдарыстың салмағына жаншыла жаздаған. Соңғы жылдары үкімет субсидияларын азайтып, тегін қызмет пен тауар тұрғындардың көзінен бұлбұл ұшқан.

Оған қоса көптеген шенеунік балалары оқитын мектептердің жөндеу жұмысы үшін ақша төлейтіндерін, билік мемлекеттік газет-журналға күшпен жаздыратынын айтып шағынады.

Сондықтан біршама түркімен отбасы тірнектеп жиғанын тұрмысына жеткізе алмай отыр. Жұмыссыздық жайлағалы сырттан кәсіп іздеп кеткендер де жетеді.

Мұндай жағдайда Авазаға барып демалу оңай емес.

Еріксіз жолға шығып жатқан дашогуздықтар Авазаға ең жақын тұрған Түркменбаши қаласына тікелей рейс жоқ екенін айтып налиды.

Ашғабадтан немесе 5б6 миллион халқы бар елдің басқа аймақтарынан жолға шығатындар да Түркіменбашыға айналма рейспен ұшады, я пойыз немесе автобуспен жетеді.

«НАШАР ҚЫЗМЕТ»

Авазада демалып келгендер «қызметтің нашарлығын», «интернеттің баяулығын» айтып ренжиді. Бірақ демалушыларды ең қатты наразы еткен жайт басқа — курорт қаланың көптеген ауданында фотоға түсуге тыйым салынған болып шықты.

Аваза 2007-2017 жылдар арасында автократ президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің Түркіменстанда туризм инфрақұрылымын жақсарту жоспары аясында салынған.

Миллиардтаған доллар қаржы жұмсалғанына қарамастан Аваза ел-жұрт ағылып баратын саяхат орнына айналмай қалды.

Қымбат қонақ үйлерінің шырқап тұрған бағасы жергілікті тұрғындардың қалтасына сай емес. Бұл шаһарға шетелдік саяхатшылардың да жол салып жатқаны шамалы. Түркімен визасын алу қиынның қиыны екенін біраз жұрт біліп қалған.

Авазаның қаңырап тұрған жағажайлары

Авазаның қаңырап тұрған жағажайлары

Бірақ бұл курортқа жиі келетін бір адам бар. Түркіменстан президенті Бердімұхамедов халықаралық жиындар мен концерттерді Аваза қаласында өткізуді қолай көреді.

Бұл қалада халықаралық жел серфингі жарысы өткен кез болған. Қырсық шалғанда сол апта бойы теңізде жел көтерілмей қалыпты.

2013 жылы осы қалаға келіп Бердімұхамедовтің 56 жасқа толған күніне орай концерт берген соң халықаралық поп жұлдыз Дженнифер Лопесті адам құқығын қорғаушылар қатты сынаған.

Лопес кейін арнайы мәлімдеме жариялап, Түркіменстандағы адам құқықтарының аянышты ахуалын алдын ала білгенде ешқашан Авазаға бармаған боларын айтқан.

Бірақ Лопестей емес, көптеген түркімен шенеуніктің биылғы жазда қайда барарын таңдайтын хақы жоқ.

Azattyq