Түркімен президентін көргендер бар ма?

0

Түркіменстанның экраннан түспейтін президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов соңғы бірнеше апта бойы ресми жаңалықтан көрінбей қалып, бұл құбылыс үлкен жаңалыққа айнала бастаған.

Бір ай бұрын демалысқа кетті деп хабарланғалы бері Бердімұхаммедов туралы мемлекеттік телеарна бірнеше сюжет көрсетті. Бірақ бұл хабарлар автократиялық басшы сырқат екен дейтін қауесетті күшейтпесе, сейілткен жоқ. Бұған дейін ресми түрде демалысқа шықса да, ресми БАҚ Бердімұхаммедовтің жүрген-тұрғанын жарнамалап бағатын.

Алайда соңғы апталарда кешкі жаңалықтарда және мемлекеттік газет-журналдардың мақалаларында Бердімұхаммедов туралы хабар шықпай қалған соң «Арқадағ» («желеп-жебеуші» деген атағы — ред.) қатты сырқат екен, тіпті о дүниелік болып кетіпті деген болжам жиі естілген.

Түркімен президенті демалысқа шықты деген хабар жарияланған уақыттан бір апта өткен соң Еуразия мәселелерін бақылау орталығының жетекшісі Аслан Рубаев Ашғабаттағы дерек көзіне сілтеме жасап, ресейлік «Говорит Москва» радиоарнасына «Бердімұхаммедов бүйрек кеселінен шілденің 20-сында қайтыс болды» деп мәлімдеген.

Бұл сөзді ресейлік БАҚ ілезде қағып әкетіп тарата жөнелді. Бірнеше сағаттан соң Түркіменстанның Мәскеудегі елшілігі түркімен президентінің қазасы туралы хабарды жоққа шығарып, мәлімдеме жасады.

Сол күні-ақ Рубаев негізсіз ақпарат бергені үшін көпшілік алдында кешірім сұраған. Бірақ содан бері Бердімұхаммедов те көп алдына шықпай, қауесет қаулай түскен.

Ақыры шілденің 24-інде Бердімұхаммедовтің өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзияевті телефон арқылы туған күнімен құттықтағаны жайлы ресми жаңалық жарияланды.

Сол күні кешкісін түркімен телеарнасы Бердімұхаммедовтің Ашғабатта салынатын жаңа шағынауданның құрылысын тексеріп жүрген видеосын көрсетті. Бірақ не себепті жаңа автобус аялдамаларының сызбаларын көру үшін президенттің демалысын арнайы үзгені туралы айтылмады.

Одан кейін Бердімұхаммедов жергілікті жаңалықтардан қайта жоғалып кетті.

Тамыздың 4-інде мемлекеттік телеарна Бердімұхаммедовтің велосипед теуіп, жаттығу жасап, мылтық атып, боулинг ойнап, атқа шауып, кітап жазып, жаңа ән шығарып және «Тозақ қақпасы» аталып кеткен Дарваз газ кратеріне көлікпен барып жүргені туралы видео жариялады.

Келесі күні оның қол астындағы лауазымды шенеуніктермен видеоконференция арқылы сөйлесіп отырғаны көрсетілді.

Тамыздың 3-інде Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведевтің кеңсесі оның Каспий жағасындағы түркіменстандық Аваза курорт-қаласында өтетін Каспий экономика форумына қатысып, Бердімұхаммедовпен кездесетінін хабарлады.

Мұның бәрі Бердімұхаммедовтің тірі екенін дәлелдейтін айғаққа ұқсайды.

Бірақ оның аман-саулығына әлі де шүбә қылдыратын себептер қалып тұр.

Бердімұхаммедовтің шілденің 24-інде және тамыздың 4-5 күндері мемлекеттік телеарнадан көрсетілген бейнесі қауесетке сенетіндердің күдік-күмәнін тарқата алмады.

Әуелде айтылғандай шілденің 24-індегі репортажда Бердімұхамедовтің не себепті демалысының ортасында бір күнге Ашғабатқа қайтып, құрылыс аралағаны түсіндірілмеді.

Азаттықтың Түркімен қызметі әлгі репортаждағы Бердімұхаммедовтің киген киімі мамырдың 10-ы күнгі бір ресми жаңалықтағы киімінен аумайтынын анықтады. Бір костюм мен галстукты ешқашан бірнеше рет қайталап кимейтін һәм тақпайтын түркімен президентін әдетінен жаңылды деу қиын.

Шілденің 24-і күнгі репортажда Бердімұхаммедов тіс жарып сөйлемеді. Бірақ оның соның алдында ғана Өзбекстан президентімен тілдескені айтылды.

Тамыздың 4-індегі видеода да түркімен президенті сөйлемеді. Кадрлар бұрын түсірілген сюжеттердің әлі эфирге шықпаған бір түріндей болып көрінді.

Ел алдына шыққан соңғы видеолардан шашының ағарғаны байқалады. Ол шашын қарамен бояуды соңғы бір жылдан бері ғана тоқтатқан.

Репортаждар мен мақалалардың атаулары Бердімұхаммедовтің денсаулығына шүбә келтірушілердің ойын өзгерту үшін қойылғандай әсер қалдырады. «Бүгінгі Түркіменстан» басылымы «Түркіменстан президенті демалысын шығармашыл һәм ширақ өмір салтына арнады» деп жар салса, «Алтын Ғасыр» телеарнасының вебсайты «Түркімен жетекшісінің демалысы: ширақ демалыс, әдеби һәм музыкалық шығармашылық» деп жазады.

Тамыздың 5-і күнгі видеосюжет Бердімұхаммедовтің 11-12 тамыз күндері өтетін Каспий экономика форумын ұйымдастыру мен Құрбан айт мейрамын тойлау мәселелерін талқылап отырғанын көрсетеді.

Бірақ Бердімұхаммедов бұл видеода да жазбаның жаңа екенін танытатындай соңғы бір оқиға туралы айтпайды. Сюжет екі-үш апта, тіпті ай бұрын түсірілуі мүмкін.

Ал видеоконференция кезінде ол қарамағындағы шенеуніктерді сынап-мінеп сөйлемеді, бұрынғыдай сөгіс те жарияламады. Дәл осы кездесу үшін демалысын және бір күнге не себепті үзгені және түсініксіз болып қалды.

Телевизия сияқты түркіменстандық баспасөздің де Бердімұхаммедов туралы мақалаларында қисынға қайшы тұстар бар.

Түркімен президенті туралы жаңалық Сапармұрат Ниязовтың кезінен бері баспасөздің бас бетінен түспейтін. Шілденің 25-і күні жарияланған Бердімұхаммедов Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Борис Джонсонды қызметімен құттықтады деген хабардан соң «Алтын ғасыр» үнсіз қалып, әжептәуір үзілістен соң президент туралы келесі хабарды тамыздың 4-інде ғана жариялады.

«Бүгінгі Түркіменстан» басылымы да Бердімұхаммедов туралы апта бойы тырс еткен хабар шығармады.

Орыс тілінде хабар тарататын ресми Turkmenistan.ru сайтының Бердімұхаммедов туралы соңғы жаңалығы шілденің 25-інде жарияланған; бір хабар Джонсонды, екінші хабар Мирзияевті құттықтағаны туралы.

Бір қызығы Turkmenistan.ru тамыздың 1-інде малайзиялық Petronas компаниясының басшысы Тан Сри Ван Зулкифи Ван Ариффиннің Авазаға барып, Түркіменстанның сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен, газ және мұнай министрі Яшигелди Какаевпен кездескені туралы жаңалықта Бердімұхаммедов мүлдем аталмаған.

Petronas Түркіменстанда 1996 жылдан бері бизнеспен айналысады. «Ашғабатпен алғашқы өндіріс келісімін жасаған» шетелдік компания Каспий теңізінің Түркіменстанға қарасты бөлігіндегі Block 1 кенішін игеріп жатыр.

Petronas Түркіменстанға 10 миллиард АҚШ долларына тең инвестиция салған, осы елде 2017 жылы өткен Азияның жекпе-жек ойындарына демеуші болған. 2016 жылғы қарашада Малайзияға барған Бердімұхаммедов Ариффинмен арнайы кездескен. 2011 жылы Куала-Лумпурда түркімен президенті Petronas-тың сол кездегі басшысы Дато Шамсул Азхармен де, ал 2009 жылы Ашғабатта Азхардан бұрынғы компания жетекшісі болған Хассан Мариканмен жүздескен.

Petronas басшыларымен бұрыннан қалыптасқан жақын қарым-қатынасына қарамастан Бердімұхаммедовтің Ариффинмен Түркіменстандағы курортта кездесуге бірнеше минут таба алмағаны жұмбақ болып тұр.

Шілденің 25-інде Ауғанстан Түркіменстан мен Тәжікстанды Ауғанстанның солтүстігімен жалғайтын Акина-Андхой темір жол бөлігін салып бітірді.

2015 жылдан бері экономикалық дағдарысқа ұшыраған Түркіменстан үшін бұл жақсы жаңалық еді. Жергілікті БАҚ Ашғабаттың ашылу салтанатына делегация жібергенін хабарлады. Бірақ бұл жаңалықта да Бердімұхаммедовтің «жобаға сіңірген еңбегі» туралы сөз жоқ.

Бердімұхаммедовтің қазасы туралы қауесетке бірден реакция танытқан елдің Бішкек пен Мәскеудегі елшіліктері болды. Бірақ бұл екі дипломатиялық мекеме оны қайдан біледі? Екеуінің де жауабы ел туралы жағымсыз хабарды жоққа шығаратын бұрынғы автоматты түрде беретін жауаптарына ұқсайды.

Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі Бердімұхаммедовтің дерті мен өлімі туралы тараған сөзге қатысты ресми мәлімдеме жасамады. Тағы бір назар аударарлық жайт, Бердімұхаммедов демалыста жүргенде елді кім басқарып отырғаны да анық емес. Түркіменстанға келіп жатқан лауазымды қонақтарды сыртқы істер министрі Рашид Мередовтің қабылдап отырғаны көрінеді.

Бердімұхаммедовтің биылғы демалысы да әдеттегіден ұзағырақ болып тұр. «Хроника Туркменистана» басылымының жазуынша, түркімен президенті жазда екі апта мұрсат алады. Биыл оның демалысы шілденің 15-інде басталып, тамыздың 15-інде бір-ақ бітпек.

Бұрын Бердімұхаммедов демалысқа кейбір министрлерін бірге алып кететін. Шілденің соңында бірнеше министрдің Авазада түрлі спорттық-сауықтық шараларға қатысып жүргені белгілі болды. Олардың арасында Бердімұхаммедов және көрінбеді. Мемлекеттік телеарналарда министрлерге жаттығуды дұрыстап қалай жасау керектігін үйретіп жүретін президент үшін бұл таңқаларлық жайт. Жергілікті БАҚ-тан Каспий жағасын шарлап жүрген, әйтпесе Түркіменстанның кемелерін тексеріп жүрген Бердімұхаммедовтің бейнесі және ұшыраспай қалды.

Демалысы енді басталған кезде оның немерелерімен және мысықайлармен ойнап жүргенін бейнелейтін кадрлар эфирден көрсетілген.

Түркіменстан қай қашан болсын біртүрлілеу мекен болып келген. Бірақ өткен аптадағы оқиғалардан соң бұл елде расында да біртүрлі жағдай туғандай көрінді. Қалыптасқан саяси мінез-құлық пен нормалар ешқандай түсіндірмесіз белден басылып жатыр.

Бердімұхаммедов әлдебір жағдайға ұшыраған да сияқты. Әйтпесе оған телеарнаға шығып, күнделікті оқиғалар туралы бір ауыз сөз қиын болып па. Түркіменстандық БАҚ елді 12 жыл бойы басқарып отырған президенттерінің аман-есен екеніне елді сендіруге тырысып-ақ жатыр.

Тамыздың 11-інде Авазада ашылатын Каспий экономика саммитінде елдің көзі төрде болары анық. Бердімұхаммедов бұл жиынға қатыса ма, жоқпа? Қатысса, бойынан қандай да бір дертті болғаны байқалар ма екен? Көптің ойындағы сұрақтар — осы.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттықтың ұстанымын білдірмейді. Блогты жазуға Азаттықтың Түркімен қызметі қатысқан.

Azattyq