«Түркілердің атасына» көрсетілген құрмет

0

Түркия осы күнді жыл сайын ерекше еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялайды. Биыл да «Аныт қабир» басында аталған дата аталып өтіп, оған Түркияның қазіргі Президенті Режеп Тайип Ердоған қатысты. Сондай-ақ министрлер, оппозициялық партиялардың көшбасшылары мен сот инстанцияларының басшылары еске алу рәсіміне арнайы келді. Ыстанбұлдағы Таксим алаңында мыңдаған адам жиналды. Жиналған халық Түркияның әнұраны – «Истиклал маршын» орындап, Республиканың негізін қалаушы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қазақ елі де бауырлас мемлекеттің белгілі тұлғасына құрмет көрсетуден кенде қалған емес. Осыған орай Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык мырза бастаған бір топ азамат Астанадағы Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тұғырлы тұлғаға тағзым етті. Сондай-ақ Мұстафа Кемалдың өмірі туралы фильм көрсетілді. 

Жалпы, екі ел арасындағы бауырластың тамыры терең екені баршаға аян. Сондай-ақ Ататүріктің түгел түркілердің тағдырына алаңдаған аптал азаматы екені белгілі. Оны мына оқиғадан байқауға болады.

Мұстафа Кемал Ататүрік 1927 жылы Парламент мінберінде тұрып: «Кеңес одағында біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек. Тіл деген бір көпір, тарих бір көпір, мәдениет деген көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек» деген екен. 

Түркілердің атасы атанған қайраткер бұл сөзін іспен де дәлелдей білді. Кеңес үкіметі құрылып, Голощекиннің қанды тырнағы бүре бергенде бірталай қазақ бас сауғалап, Қытай асты. Алтай, Баркөл, Сауан, Гәскөл аймақтарынан үдере көшкен олар алдымен Гансу, Шынқайға өтіп одан Гималая мен Тақламақан шөлінен асып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға табан тірегені тарихтан белгілі. Ататүріктің сол сөзін қаперде ұстаған Түркияның басшыларының еліне көшіп келген бауырлас халыққа қоныс беріп, көмектескенін Анадолыдағы ағайын естен шығарған емес. 

Бұдан бөлек, шартараптың басқа бөліктерінде де Түркілердің атасын еске алу рәсімі ерекше аталып өтті. Мәселен, Бейжіңдегі Түркия елшілігінде арнайы шара ұйымдастырылып, оған көптеген түрік азаматы қатысты. Сонымен қатар Бакудегі Түркия елшілігінде де Ататүрікті еске алды. Анадолының Азербайжандағы елшісі Еркан Озорал мырза бастаған елшілік қызметкерлері жоғары мектеп оқушыларымен кездесті. 

Мұстафа Кемалдың туған жері – Салоникиде (қазіргі Грекия) де қайраткерге құрмет көрсетілді. Айта кетерлігі, рәсім Ататүрік туған үйде ұйымдастырылды. Шаһардағы Түркияның консулы Орхан Ялманның айтуынша, мұның маңызы ерекше.

«Біз Мұстафа Кемал Ататүрікті Түркияның, әлемнің әр түкпірінде еске аламыз. Алайда ол туған үйде құрметпен еске алудың маңызы зор», деді ол жиын барысында. 

Сондай-ақ еске алу рәсімі Мәскеуде, Бішкекте, Брюссельде, Антверпенде, Софияда, Пловивда, НАТО-ның ғимаратында, Сараевода, Белградта, Тиранада аталып өтіп, қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. 

Түркия Республикасының негізін қалап, оның тұңғыш Президенті атанған Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы Осман империясының Салоники қаласында дүниеге келген. Ол Түркия республикасының 15 жылдығына орай ел аралап жүргенде 1938 жылы 10 қараша күні Ыстанбұлда қайтыс болды. Қайраткердің денесі Анкараға жеткізіліп, сондағы этнография мұражайына жерленеді. Ал 15 жылдан кейін, яғни 1953 жылы қазіргі кесенесіне көшірілді. Бұл кесене түрікше «Аныт қабир» («Ескерткіш қабір») деп аталады.