Түркияның оңтүстігіне бірнеше зымыран құлады: қайтыс болғандар бар
Түркияның Каркамыш қаласына жасалған зымырандық соққының салдарынан тұрғын үйлер мен мектеп ғимараты зардап шекті. Соққы Сирия аумағынан жасалған деген болжам бар, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі
Anadolu ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Түркияның Газиантеп провинциясындағы Каркамыш қаласының тұрғын үйлеріне зымырандардың құлағаны хабарланды. Агенттік мәліметінше, барлығы бес снаряд атылған. Газиантеп губернаторы Давут Гүлдің айтуынша, екі адам қаза тауып, тағы алты адам жараланған.
Кейінірек РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу құрбандар саны үшке жеткенін хабарлады. Олардың арасында бала да бар. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, жарылыс қаладағы лицейлердің бірінің ғимаратының аумағында болған. Сонымен қатар екі тұрғын үйге де снаряд түскені туралы ақпарат бар. Сондай-ақ бір снарядтың Каркамыш бекетінің маңында жүк көлігіне түскені айтылады. Болжам бойынша, зымыран Сирияның солтүстігінен атылған. Түрік билігі КЖП-ның сириялық қанаты болып табылатын YPG – күрдтердің халықтық қорғаныс бөлімшелерінің мүшелері деп күдіктенеді. Екі ұйым да Түркияда террористік ұйым деп танылған.