Түркиядағы сайлау: Қазақстанда дауыс беру басталды

0

14 мамырда Түркияда президент сайлауы өтеді. Kznews.kz тілшісі Астанада орналасқан Түркия елшілігінде болып, дауыс беру үдерісінің қалай өткенін бақылады.

Қазақстанда тұратын түрік азаматтары Астанадағы Түркия елшілігінде, сондай-ақ Алматы мен Ақтаудағы бас консулдықтарда дауыс бере алады.

Қазақстанда 4-7 мамыр аралығында сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін сайлау учаскелері жұмыс істейді.

4 мамырда Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу елордадағы сайлау учаскесінде дауыс берді.

Мұстафа Капуджу Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанда сайлау құқығы бар 6100 түрік азаматы тіркелгенін атап өтті. Президент сайлауы мен 28-ші шақырылымдағы Парламент депутаттарын сайлауда дауыс беру үшін Астанадағы сайлау учаскелеріне келетін сайлаушылар саны 1538 адамға жетуі мүмкін.

«Шетелдегі түрік азаматтары үшін бірыңғай сайлау жүйесі бар. Адам Еуропада тіркелген болса да, кез келген жерде дауыс бере алады. Мысалы, бүгін Астанада Англияда тіркелген түрік азаматтары дауыс берді», — деді Мұстафа Капуджу.

Сайлаушылар дауыс бергеннен кейін бюллетеньдерді арнайы конвертке салып, содан кейін ғана сайлау жәшігіне тастайды.

Бюллетеньде президенттікке үміткер төрт адамның суреттері берілген. Олар — қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған, оппозициялық Республикалық халық партиясының төрағасы Кемал Киличдароғлы, Отан партиясының басшысы Мухаррем Инже және Ататүрікшілер альянсынан ұсынылған Синан Оган.

Шетелде дауыс беру аяқталғаннан кейін бюллетеньдер дипломатиялық курьерлер арқылы барынша қауіпсіздік шараларымен Түркияға жеткізіледі.

Ресми деректерге сәйкес, бұл дауыстарды санау Жоғарғы сайлау кеңесінің бақылауымен жүргізіледі. Президенттік сайлауда шетелде берілген дауыстар Түркиядағы кандидаттар алған дауыстардың жалпы пайызына тікелей қосылады.