Түркиядағы қонақүйде болған өрттен қаза тапқандар саны 79 адамға жетті

0

Түркияның Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы қонақүйдегі өрттен қаза тапқандар саны 79 адамға жетті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Аймақтық прокуратураның мәліметінше, ДНҚ сараптамасынан кейін қаза болған тағы бірнеше адамның тұлғасы анықталды.

Бастапқыда 76 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алғаны хабарланған. Алайда құрбандардың жеке басын анықтау жұмыстары аяқталғаннан кейін түрік билігі жаңартылған деректерді растады.

Өрт сейсенбіге қараған түні шығып, қонақүй қонақтары тұрған ғимаратты шарпыған. Олардың көпшілігі жоғары қабаттан арқан ретінде байланған төсек-орын жабдығын пайдаланып түсуге тырысты.

Қайғылы оқиғаның себептерін тергеу аясында 11 адам ұсталды, олардығң арасында Болу қаласы мэрінің орынбасары, өртке қарсы қызмет бастығының орынбасары және қонақүй иесі бар.

Түркияның Туризм және мәдениет министрі Мехмет Нури Эрсой бұған дейін қонақүйдің тұрақты тексерістен өткенін және өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері анықталмағанын мәлімдеген. Олай болғанымен, тергеу амалдары жалғасып отыр.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу қаласындағы Карталкая тау-шаңғысы курортында өрттен қаза тапқан Гюльтекин отбасын жерлеу рәсіміне қатысқанын жазған болатынбыз.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өзінің атынан Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді.