Түркияда төңкеріс жасамақ болды деген күдікпен 10 адмирал ұсталды
Монтрё конвенциясының сақталуын қолдап ашық хатқа қол қойған отставкадағы он адмирал қамауға алынды. Тағы төрт адам Анкарадағы полицияға тергеуге шақырылғанын «Anadoly» агенттігі хабарлады.
Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы жоғарғы қызметінде болған 104 офицер қол қойған бұл ашық хатта түрік үкіметі сынға алынған. Президент өкілі Ибрагим Калин бұл ашық хатта билікті құлатуды көздеген белгілер бар екенін білдірді.
Прокуратура 4 сәуірде қызметінен кеткен адмиралдарға қарсы «Мемлекет қауіпсіздігіне және конституциялық құрылымға қарсы әрекет» бабы бойынша тергеу істерін бастады.
Түркия өткен айда Қара теңізді Мәрмәр теңізімен біріктіретін ірі канал құру туралы жобаны бекіткен. Түркияның ресми өкілі бұл аталған конвенцияның шарттарына кірмейтінін жеткізген. Адмиралдардың ашық хатында конвенция шарттарын сақтау Түркияның қауіпсіздігі үшін маңызды екені айтылған.