Түркияда рухани жаңғыруға қатысты конференция өтті
Астана, BAQ.KZ. Түркияда «Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты конференция өтті.
Іс-шара Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Түркияның алғашқы Президенті М.К. Ататүрік құрған, осы елдің ең беделді құрылымдарының бірі саналатын Түрік тарих ұйымының бастамасымен және Түркия Республикасы Президент Әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жиынға Елші Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түрік тарих ұйымының басшысы Рефик Туран, сондай-ақ Түркияның басқа да ықпалды саяси тұлғалары, танымал ғалымдары мен жоғарғы оқу орындарының ұстаздары және білімгерлері қатысты.
Жиынды ашқан Түрік тарих ұйымының басшысы Р. Туран Түркі әлемінің Қазақстанның Еуразиядағы белсенділігі мен ықпалының артуына сүйсініп отырғанын айтты. Ол, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт мүддесі үшін қажетті мақсаттарды жүзеге асырған, халыққа жол ашқан және келешектің келбетін айқындаған көшбасшы екендігі туралы пікірін білдірді.
Өз кезегінде, Елші А. Сапарбекұлы Елбасының Қазақстан ғана емес, Орталық Азия және күллі Түркі әлемінің баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқанын айтып, Мемлекет басшысының Түркі кеңесін құру, Түркия мен Ресей арасындағы ұшақ дағдарысын оңғару және Сирия мәселесін шешуге бағытталған Астана процесін ұйымдастыру сияқты бастамаларына тоқталды.
Түркия Парламентінің депутаты, Түркия-Қазақстан достық тобының басшысы Мехмет Али Жевхери ұлы ойшыл, бүкіл түркі жұртына имандылық нұрын шашқан ағартушы Ахмет Ясауи ілімі жөнінде сөз қозғады. Ол Ясауи бабамызбен Қазақстанды әлемге танытып, басқа елдермен ынтымақтастық орнату арқылы заманауи мемлекет құрған және Түркі әлемінің ақсақалы атанған Н. Назарбаевтың арасындағы рухани сабақтастыққа назар аударды.
Жиынға арнайы қатысқан Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясаты мен көрегендігін атап өтіп, «Тұғырлы мемлекеттің құрушысы, парасатты, кемеңгер көшбасшы ретінде танылған Н. Назарбаев Түркі-Ислам әлемінің Ақсақалы және қазақ бауырларымыздың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің мақтанышы» — деген пікірімен бөлісті.
Жиын Сейфеттин Ерол, Хасан Үнал және Күршат Зорлу сияқты Түркияның танымал ғалымдары және талдау орталықтарының басшылары жасаған баяндамалармен жалғасты. Баяндамалардың негізгі арқауын Елбасының жуырда жарияланған Ұлы даланың жеті қыры атты бағдарламалық мақаласының әртүрлі тұстары құрады. Баяндамашылар қазақ Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты ауқымды мақаласын жариялау арқылы Қазақстанның рухани жаңғыруына ғана емес, Түркі әлемінің бірігуіне бағдар беретін тағы бір маңызды қадам жасағынын тілге тиек етті. Сарапшылардың пікірінше, өзінің бағдарламалық мақаласында Н. Назарбаев Қазақстанның түркілік табиғатын айқындайтын маңызды тұжырымдар жасап, Қазақ елінің Түркі әлемімен байланыстарын бекіте түсетін практикалық қадамдарды ұтымды ұсынған.
Сонымен қатар, конференция аясында Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен қазақ және түрік тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапқа Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты қазақ және түрік тілдеріндегі мақалалар енген.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ