Түркияда қазақ суретшілерінің көрмесі өтіп жатыр

0
16 Қараша 2018, 13:33 239 0

Астана, BAQ.KZ. Түркиядағы Мұстафа Айяз атындағы Заманауи өнер музейінде президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, ХХ ғасырдың соңы – ХХI ғасырдың басындағы қазақстандық суретшілердің 32 кескіндемелік және графикалық жұмыстарын ұсынатын «Ұлы Дала рухы» көрмесінің ашылуы өтті.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ұйымдастырды.

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі – қазақ бейнелеу өнерінің әлемдегі ең ауқымды коллекциясына ие Қазақстандағы ірі көркемсуретті музей. «Ұлы Дала рухы» көрмесі көшпенділер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойындары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат проблемаларына және рухани ізденістерге деген үлкен қызығушылығының айқын үлгісі.

32 кескіндеме және графикалық туынды түрік көрермендері мен түрік астанасының қонақтарын қазақстандық Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев сынды өнер шеберлерінің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты қызықты заманауи суретшілердің шығармашылығымен таныстырады.

Қазақ кескіндемесінің классигі Евгений Сидоркиннің төрт графикалық туындысы «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» топтамасынан «Бесік жыры» және «Қазақтың ұлттық ойындары» топтамасынан «Қыз қуу», «Бәйге» және «Көкпар» ғаламат композициялық шешімімен ерекшеленеді.

«Қазақтың ұлттық ойындары» топтамасында суретші қазақтардың ең көне ұлттық ойындарының рухын — шапшаң қозғалысын, бәсекелестік құмарлығын және күрес қарқындылығын көрсетеді. «Бесік жырында» керісінше, ең нәзік сыршылдықты − өз сәбиін сүюге иілген, емірене құшақтаған ана бейнеленген.

«Біздің шебер Әбдірашит Сыдыханов таңбалық кескіндеменің негізі ретінде қазақтардың ежелгі рулық таңбасын алып, көркемдік өрнектің түбегейлі жаңа тұжырымдамасын ұсынған кездегі шығармашылығының маңызды кезеңін бейнелейтін «Шопан «Таңба» шығармасымен ұсынылған. Нелли Бубэнің «Көшпенділер», «Қонақжайлылық», «Қазақстан әйелдері», «Ай керуені» және «Скифтер» атты барлық туындылары көшпенділердің бірегей көркем этникалық бейнесін — түйемен көшу, сауда керуендері, әйелдердің ұлттық киімін және қазақтың қонақжайлылығының жылулығын білдіреді» — дейді ұйымдастырушылар.

Суретші өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында тәжірибе жасап, бірегей аралас техниканы, рельефтік кескіндеменің техникасын жетілдіру кезінде өзін айқын танытты. Майлы бояуды әр түрлі материалдармен араластыру арқылы, Нелли қиялды емес, форманы жасайды. Пост-авангард пен импрессионизмнің мүлдем өзге техникасында басқа белгілі қазақстандық суретші Гүлжамал Тагенова жұмыс істейді.

«Оның «Көктем», «Жартасқа салынған суреттер» және «Таулар тынысы. Қаскелең» − көрмелік туындылары туған жердің сұлулығын, көктемгі бояулардың еліруін және жас қазақ қыздарының әсемдігін жырлайды. Гүлжамал әйел болмысының сәттерін – сәукеледегі қазақ қалыңдығын түсіріп алуды жақсы көреді. Гүлжамал өзінің күллі шығармашылығында ұлттық киімдердегі қазақ қыздарының романтикалық бейнелерін жасаумен келеді» — дейді қазақстандық өнертанушылар.

Вячеслав Люй-Коның «Теңіз маңындағы қала. Ымырт», «Өткел. Сырнай туралы әңгіме», «Бір кездері мен осында тұрғанмын», «Сенбі. Қашқан қалыңдық» шығармалары терең философиялық мағынаға, байланыстар мен пайымдауларға толы. Суретші үшін ең бастысы − сюжет, астарлы әңгіме, тарих.

Алпысбай Қазығұловтың кенептері болмыс аспектілері туралы эмоциялық пікірлер бола отырып, абстракция мен символизмнің шекарасын тең ұстайды.

«Көрме Қазақстанның заманауи өнерінің кең стилистикалық әртүрлілігін ұлттық бояуы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсете отырып, көрнекі түрде ұсынады. Ә. Қастеев атындағы өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы, қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлемді төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнерімен таныстырады» — дейді Музей директоры, профессор Гүлмира Шалабаева.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ