Түркия соты Wall Street Journal журналисін ақтады

0
Түркия соты Wall Street Journal журналисін ақтады


Түркия соты Wall Street Journal журналисі Айла Албайракқа шығарған үкімін жойды.

Бұл туралы журналистің өзі Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

Айла Албайрак 2017 жылы қазан айында «терроризмді насихаттады» деген айыппен екі жылға сотталған еді. Журналист 2015 жылы Түркияның оңтүстік-шығысындағы күрд топтарының қызметі туралы жазған мақаласынан кейін істі болған.

Албайрак Түркиямен қоса Финляндия азаматтығын алған. Ол істі болмас бұрын АҚШ-қа кетіп қалып, түрмеден аман қалған. Кейін журналист сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген. Сот оны осы шағымы бойынша ақтап отыр.

Түркияда 2016 жылы әскери төңкеріс жасау әрекеті басып-жаншылған соң ел президенті Режеп Тайып Ердоған 100-ге жуық газет пен журнал және 30-дан астам телеарнаның қызметіне тыйым салған. Түркияда 2018 жылдың жазындағы есеп бойынша, арасында Еуропа Одағының азаматтары бар, барлығы 140-тан астам журналист түрмеде отырған.

Дереккөз: Сentralasian.org