Түркия Сириямен шекаралас аумақта әскерін көбейтті
Түркия Сирияның солтүстігіндегі Идлиб провинциясымен шекаралас аумақта әскерін көбейткен. Reuters агенттігінің хабарлауынша, 12 қаңтарда Түркияның Хатай провинциясына танкілер пен бронды техника колоннасы жеткен. Түркияның қауіпсіздік қызметі бұған қатысты түсініктеме бермеген және Сирияда жаңа әскери операция бастау туралы деректі жоққа шығарған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы Майк Помпео жақында Түркия сыртқы істер министрімен кездескеннен кейін күрд жасақтары мәселесінде Түркиямен «келісімге келетінімізге сенімдіміз» деп айтқан.
Оқи отырыңыз: Трамп: АҚШ Сириядағы күрдтерді қолдайды
Осы уақытқа дейін АҚШ күрдтердің «Халық қорғанысы жасағын» (YPG) қолдап келген. Бұл топ Сирияның солтүстігінде “Ислам мемлекеті” террористік ұйым содырларымен соғысқан. АҚШ әскерін алып кеткен соң күрдтер Түркия тарапынан қысым күшейе ме деп қауіптенеді.
Түркия ИМ-ге қарсы АҚШ жағында соғысқан күрд жасақтарының Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар деп біледі. Түркия мен көптеген ел, оның ішінде Еуропа Одағы Күрдістан жұмысшы партиясын «террорлық ұйым» деп санайды.
Дереккөз: Азаттық