Түркия сириялық босқындардың үйіне оралуына көмектеседі — СІМ
Түрік тарапы Түркияда тұратын сириялық босқындардың отанына аман-есен оралуы үшін бар күш-жігерін салады. Бұл туралы дүйсенбіде елдің Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлімдеді, деп жазады Синьхуа агенттігі.
— Біз олардың қауіпсіз және лайықты оралуын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, — деп уәде берді Х.Фидан Түркия астанасы Анкарада өткен 15-ші Елшілер конференциясында сөйлеген сөзінде.
Ол Сирияның аумақтық тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі тараптармен қолдау көрсетуге және күш-жігерді үйлестіруге Түркия дайын екенін айтты.
Сондай-ақ дүйсенбі күні Стамбулдағы Hurriyet Daily News газеті отанына қайтқысы келетін сириялық босқындар оңтүстік-шығыс Хатай провинциясының Рейханлы ауданындағы Түркия-Сирия шекарасындағы бақылау-өткізу бекетінде кеденнен өту үшін ұзын-сонар кезекке тұрғанын хабарлады.
— Шекара өткелінде адамдар шектен тыс көп жиналмауы үшін жандармерия шекарадан 5 шақырымдай жерде қосымша бақылау бекетін орнатты, — делінген хабарламада.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Түркияға 3,5 миллионнан астам сириялық келген.
Еске сала кетейік, Түркия Сириядағы саясатының 3 негізгі басымдығын белгілегенін жазған болатынбыз.
Сирияның кейбір қалаларында коменданттық сағат енгізілді.