Түркия Сауд Арабиясының екі жоғары лауазымды шенеунігіне іздеу жариялады

0

Түркия сотының үкімі бойынша, Сауд Арабиясы барлау қызметінің экс-басшысы Ахмет Асири және тақ мұрагерінің экс-кеңесшісі Сауд әл-Кахтанидің журналист Жамал Хашоггидің өліміне қатысы бар екендігі анықталып, іздеу жарияланды.

Қазан айында америкалық Washington Post басылымымен белсенді түрде серіктестік танытқан саудиялық журналист Жамал Хашогги, Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығына кіріп, із-түссіз жоғалғандығы белгілі болған. Арада бірнеше күн өткеннен кейін оны буындырып өлтіріп, денесін бөлшектеп құдыққа тастағандығы анықталды. Осы іске қатысы бар деген күдікпен Сауд Арабиясының 18 жоғары лауазымды шенеунікі құрықталған болатын. Бұл оқиғадан кейін бірнеше ел түрлі қару сатудан бас тартып, Канада елі санкция салған еді. Тіпті, тақ мұрагерінің қатысы бар деген күдік әуел баста шықса да, осы уақытқа дейін анықталмай отыр. ЦРУ-дың мәлімдемесін күтіп отырған АҚШ пен Ұлыбритания елдерінің тақ мұрагерінің кінәсі анықталған жағдайда Сауд Арабиясына салатын санкциялары да дайын. Бірақ, Дональд Трамп өзінің экономикалық серіктесін қорғаштап, ЦРУ-дың нақты мәлімдемесін кейінге шегерумен әлек.

Естеріңізге сала кетейік, осы оқиға басылым беттеріне шығып, қызу талқыға түскеннен кейін Сауд Арабиясының тақ мұрагері ауысуы мүмкін деген қауесет те ел арасында тарап кеткен болатын. Енді барлығы соңғы шешімнің қандай болатындығын күтіп отырған сыңайлы.

«The Qazaq Times»