Түркия парламенті Ливияға әскер жіберуді қолдады

0

Бейсенбі, 2 қаңтарда Түркия парламенті Ливияға әскер жіберу мүмкіндігін қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Бұл ақпаратты Hurriyet басылымы хабарлады. Түрік сарбаздары генерал Халиф Хафтар бастаған қарулы топқа қарсы әрекет етуі мүмкін.

Заң жобасы парламентке 30 желтоқсанда түскен. Sozcu басылымының жазуынша, бірінші кезеңде Анкара Ливияға БҰҰ мойындаған Ұлттық келісім үкіметінің сарбаздарын үйрету үшін мамандар жіберуі мүмкін. Газеттің жазуынша, Анкара сонымен бірге Ливияны жақын және орта қашықтықта ұшатын әуе шабуылына қарсы техникамен қамтамасыз ету жағын қарастырып жатыр.

Бұған дейін Анкара Ұлттық келісім үкіметімен әскери әріптестік орнату туралы екі келісімге қол қойған. Бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоған Ливияда генерал Хафтар жағында ресейлік «Вагнер» жеке әскери тобының екі мыңнан астам сарбазы соғысып жатқанын айтып, бұған үнсіз қарап отыра алмайтынын жеткізген.

2011 жылы Ливияда Муаммар Каддафи режимі құлағалы бірнеше ұйым ел аумағына бақылау орнату үшін соғысып келеді. Ірі күштің көбі Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен құрылған, Ливияның батыс бөлігін бақылайтын Ұлттық келісім үкіметі мен өздерін «Тобруктегі үкімет» атайтын Халифа Хафтар басқаратын әскерилер маңына шоғырланған.

Триполи үшін қақтығыстарда 2019 жылы небәрі бірнеше айда 500-ден аса адам қаза тауып, 75 мыңнан аса жергілікті тұрғын үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

Azattyq