Түркі киносын әлемге таныту тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті

0

Іс шараға  Түркі киносын дүниежүзіне таныту қауымдастығының төрағасы, түркімен кинорежиссері, сценарист және оператор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түрікмен ССР-нің халық артісі. — Ходжакули Нарлиев; Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті — Мендерес Демир; «Хабар агенттігі» АҚ «Ел арна» каналының директоры — Сейтмамыт Арман; «Хабар агенттігінің» бас редакторы — Хасенова Кулимхан; Тәжікстан кинематографистер Одағының төрағасы — Сафар  Хакдодов; Совет кинорежиссері және сценарист — Али  Хамраев; Совет режиссері, актер, сценарист, продюсер — Октай Мир-Касимов, Шәкен Айманов кинофестивалінің бас директоры Ермек Тұрсынов және халықаралық кинофестивальдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді продюсер, NETPAK мүшесі, әлемдегі түркі киносы қауымдастығының атқарушы комитетінің мүшесі Канат Торебай жүргізді.

Кездесуді Шәкен Айманов кинофестивалінің бас директоры Ермек Тұрсынов ашып, жиналған қонақтардың жұмысына сәттілік тіледі. Содан соң сөз алған Түркі киносын дүниежүзіне таныту қауымдастығының төрағасы Ходжакули Нарлиев қазіргі замандағы түркі елдерінің киноматографының жағдайы туралы сөз етіп, оны ары қарай әлемге таратуда қандай қиындықтар кездесетіні туралы айтып кетті. Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті — Мендерес Демир кинематография саласында ынтымақтастықты дамыту үшін ең басты кедергі ортақ тілдің жоқтығына тоқталды.

Сонымен бірге «Хабар агенттігі» АҚ «Ел арна» каналының директоры — Сейтмамыт Арман «Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің эфирге шығатын фильмдері: жағдайы және перспективасы» туралы айтып, қазақ телеарналары түркі әлемінің киносын көрсетуге дайын екендігін айтты.

«Біздің қауымдастық түркі әлемінің киносын дүниежүзіне тарату бойынша көп жұмыс атқаруда. Біз ынтымақтастыққа әрқашан дайынбыз және түркі киносын әлемдік деңгейге шығарғымыз келеді. Сондықтан да біз бүгінгі кездесуге қазақ телеарнасының қатысып отырғанына өте қуаныштымыз. Ортақ келісімге келеміз деп сенемін», — деді Ходжакули Нарлиев.

«Ел арна» тек қазақ киносын көрсетеді, бірақ осы жылдың күзінен бастап біз Орталық Азияның үздік киноларын көрсете бастадық. Тәжікістанмен тез келісімге келдік, олардың киносын көрсетудеміз. Енді бізге басқа да түркі әлемі елдерімен ынтымақсатық орнату қажет. Сол себепті де мен осында келгеніме қуаныштымын. Біз бірігіп жұмыс істеуге және түркі әлемі елдерінің киносын қазақ телеарнасында көрсетуге дайынбыз», деді Арман Сейтмамыт.

Кездесудің соңында Ш.Айманов атындағы кинофестиваль мен халықаралық кинофестивальдердің өкілдері: «Үміт» ТМД елдеріндегі жастар кино форумы, «халықаралық азия кинофестивалі», «Дидор» халықаралық кинофестивалі, «Халықаралық Қазан мұсылман кинофестивалі» және «түркі елдерінің деректі фильмдер фестивалі» арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.