Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер ортақ мәселелерді бірлесе талқылады

0

Түркі Кеңесіне мүше төрт мемлекеттің өкілдерін бір арнада тоғыстырған дәл осындай тақырыптағы жиын алғаш рет 2015 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде, 2017 жылы Ыстанбұлда өткен еді. Бауырлас елдердің басын қосқан биылғы басқосу елімізде алғаш рет шымылдығын түріп отыр. Ақпараттық коммуникация саласына жауапты ведомстволар үшін тәжірибе алмасудың озық алаңына айналған айтулы шараға Түркі­тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстан Республикасының Ақпарат жә­не коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаев, Түркияның Қатынас және инфра­құрылым министрі Мехмет Тур­хан, Қырғызстан Республикасы Ақ­параттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Ба­қыт Шаршембиев, Әзербайжан Респуб­ликасының Көлік, байланыс пен жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, сонымен қатар Вен­грияның Инфокоммуникация, инновация және технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Кароли Солимар қатысты.

Басқосуда инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы ортақ ин­фра­құрылымдық жобалардың дамуы мен аймақтық инновациялық экожүйені қар­қынды нығайту мәселелері кеңінен сара­ланды. Бұл тұрғыда тараптар өз тәжі­рибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Түбі бір Түркі әлемінің интеграция­сы, бауырлас елдер арасындағы өзара әріп­тестіктің нығаюы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі екен­дігін тілге тиек еткен Дәурен Абаев бүгін­де экономика, саясат, мәдениет пен білім салаларындағы өзара қарым-қаты­нас­тар қарқынды дамып келе жатқанын айт­ты. Министрдің сөзіне қарағанда, заман талабынан қалыс қалмай, ақпа­рат­тық-коммуникациялық технология бағы­тындағы әріптестікті күшейтуге күш салуға баса назар аудару керек. Өйткені бұл саладағы мүмкіндіктерді тиімді пай­далануға әлі де айтарлықтай көңіл бө­лінбей келеді. 

 – Өздеріңіз жақсы білетіндей, біздің ел өткен жылдан бастап «Цифрлы Қа­зақ­стан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бағдарлама жо­ғары технологияларды енгізе отырып, әлеуметтік-экономикалық салалар­ды жан-жақты қолдауға, дамытуға ба­ғытталған. Жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік жеткілікті. Өйткені Тәуелсіздік жылдары елімізде заман талабына сай ақпараттық-коммуникациялық ландшафт қалыптасты. Қазақстанда соңғы 10 жылдың ішінде интернет желісін пайдаланушылар саны 8%-дан 76%-ға дейін артты. Электронды үкімет жүйесі құрылып, қарқынды дамып келе жатыр. Осы жүйе бойынша тек қана өткен жылдың өзінде ел тұрғындарына 30 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазақстандағы ірі және шағын қалалар 4G байланысымен толық қамтылған. Ауылды жерлерді кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар да жүзеге асырылып жатыр. 5G байланысын сапалы енгізу мақсатында үш түрлі диапазонда радиожиілік шоғырын босатып отырмыз. Қазақстандағы цифрландыру жұмыстары 5 түрлі негізгі бағыттан тұрады. Олардың аясында халықаралық әріптестікті ны­ғай­туға жол ашатын ондаған ірі жоба­ бар. Мысалы, 2018 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізілген база­ның инфрақұрылымында «Astana HUB» деп аталатын ІТ-стартаптардың халық­аралық технопаркін құрдық. Ертең Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мем­лекеттердің технопарктері өзара бірі­гу жөніндегі декларацияға қол қояды. Осы орайда Түркітілдес мемле­кет­тердің ынтымақтастық кеңесі елдер­індегі әріптестерімізді осы келешегі зор технологиялық альянстың мүшесі болу­ға шақырамын. Сондай-ақ біздің әзербай­жандық әріптестеріміздің бастама­сы бойынша «Трансеуразиялық суперақ­параттық магистраль» құру жөніндегі жо­баға тоқтала кеткім келеді. Оның мақсаты – Франкфурт пен Гонконгтің арасындағы еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты-оптикалық трансұлттық желі орнату. Транзиттік желі 6 мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар. Бұл – болашағы зор жоба, – деді Дәурен Абаев.

Түркі кеңесіне мүше елдер ара­сын­дағы саяси байланыста Қазақстанның ма­ңыз­ды орынға ие екенін, осынау жоғары дең­гейдегі ынтымақтастықтың ең маңыз­ды рөлінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанын айтқан Түркияның Қатынас және инфрақұрылым минис­трі Мех­мет Турхан аталған басқосу тарап­­тар арасындағы ақ­параттық-комму­никациялық ба­ғыттағы тығыз қарым-қатынастармен қоса экономикалық әріптестіктің де әлеуетін арттыратынын жеткізді. Берік байланыстардың нәтижесінде 25 жыл ішінде Түркия еліміздің тек құрылыс саласына 23 миллиард доллар инвестиция құйыпты. Бұдан өзге ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау кен, фармацевтика сынды сан саладағы бірлескен жобалар қос тарап үшін де тиімді нәтижесін берген.

Қырғыз Республикасы Ақпараттық технологиялар және байланыс мемле­кет­тік комитетінің төрағасы Бақыт Шар­шембиев 2019 жыл Қырғызстанда аймақтарды дамыту мен цифрландыру жылы болып жарияланғанын айтты. Оның айтуынша цифрлы трансформацияны жетілдіруге негізделген жұмыстар айтарлықтай нәтиже берген. Десе де, аймақтардағы халықты тұтас­тай кеңжолақты интернетпен қамтып, қа­лаларды ақылды қала форматына көшіру ісі күн тәртібіндегі мәселе еке­нін жасырмайды. Цифрландыру саласын аяғынан нық тұрғызу мақсатында бірнеше маңызды стратегиялық құжат әзірленіп, нақты жобалар да жүзеге аса бастаған. Электронды үкімет, спут­никтік қызмет және TASIM жобасы, талшықты инфрақұрылым мәселелері бойынша ынтымақтастықты барынша кеңейту қажет. Бүгінде ғаламтордағы киберқауіпсіздік әлем елдерін алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі. Оны жеке дара еңсеру мүмкін емес. Бақыт Шаршембиев Қырғызстан тарапы үшін бұл тұрғыда бауырлас мемлекеттермен тәжірибе алмасудың маңызды екенін баса айтты. 

Ал Кеңестегі бақылаушы тарап Венгрия елінің Инфокоммуникация, инно­вация және технологиялар министр­лігінің мемлекеттік хатшысының орын­­басары Кароли Солимар бұл байла­ныстардың басты нысаны – мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық әріп­тестіктің ағынын күшейту деп есептейді. Сарапшының ойынша, ақпараттық бай­ланыстардың нығаюы экономикалық өсімді еселеп арттырады. 

Былтыр қыркүйек айында Қыр­ғыз­станның Шолпаната қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының сам­миті өтті. Саммит барысында қабыл­данған маңызды шешімнің бірі Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттердің эконо­ми­касын дамытуға басымдық беру ісі. Осының негізінде ай сайын минис­тр­лік өкілдерін бір алаңда жинап кезде­сулер өткізуде. Бұған дейін Таш­кентте сауда және өнеркәсіп палаталары басшылары, Бішкекте экономика министрлері, Қазақстанда кеден әкім­шіліктері жетекшілері, Түркияда туризм саласының көшбасшылары бас қосқан. Былтырғы жыл­дың соңында жастар ісі жөніндегі ми­нистрлер Астанада өзара пікір алмас­ты. Мұның бәрі Түркі Кеңесіне мүше мем­ле­кеттердің экономика саласындағы қарым-қатынастарының қарқын алуына бағытталып отыр. 

– Ақпарат және коммуникация − өте маңызды саланың бірі. Бүгінде әлем халықтарының 52 пайызы интернет қызметін қолданады. Бұл әлемдік ақша айналымының үлкен пайызын құрайды. Егемендік алған тұстан бастап бауырлас елдермен жан-жақты байланыс Қазақстанның сыртқы саясатында басым бағытқа ие болды. Кеңеске мүше елдердің лауазымды тұлғалары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты жалпы Түркі ынтымақтастығының архитекторы деп есептейді. Айталық, құрылғанына биыл 10 жыл толып отырған Түркі Ке­ңесі, Түркі Парламенттік Ассамблеясы, Түр­кі академиясы, «Түрксой» сынды ха­лықаралық түркі интеграциялық ұйым­дарының барлығы тікелей Н.Назарбаев­тың бастамасымен дүниеге келді. Бүгінгі отырыс арқауы үзілмей келе жатқан рухани-мәдени, әлеуметтік-эконо­микалық сабақтастықты түрлендіре түседі деп сенеміз, – дейді Түркітіл­дес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев.

Тараптардың ұйғарымы бойын­ша Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақтастық кеңесінің инфокомму­ни­ка­циялық технологиялар министрлерінің төртінші отырысы келер жылы Бішкекте өтпек. Бүгінгі жиын барысында қозғалған мәселелердің нәтижесі сол жерде сараланатын болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/