Түркі халықтарының татулығы мен бірлігін нығайтуда ТМЫК маңызды орынға ие

0

2018 жылғы 5 желтоқсан 16:06 41

Түркі халықтарының татулығы мен бірлігін нығайтуда ТМЫК маңызды орынға ие

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесті.

Кездесуге сонымен қатар ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Түркия Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу, Әзербайжан Жастар және спорт вице-министрі Исмаил Исмаилов, Қырғыз Жастар, дене шынықтыру және спорт істері агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүздесу барысында Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы: «Қазақстан — күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы. Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түпкіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деген сөздерін атап өтті.

«Халықаралық аренада түркі халықтарының татулығы мен бірлігі идеясын нығайту ісінде Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі маңызды (ТМЫК) орын алады», — деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

Түркі халықтарының татулығы мен бірлігін нығайтуда ТМЫК маңызды орынға ие 

Мемлекеттік хатшы аталған кеңестің қолдауымен жастар және спорт саласында белсенді түрде іс-шаралар өткізіліп келе жатқанын айтты. Мәселен, Баку қаласында 2018 жылғы сәуірде тұңғыш рет түркі тілдес елдердің студенттік ойындары, қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында Көшпенділердің ІІІ ойындары өткізілді. Көшпенділердің келесі ойындарын 2020 жылы Түркияда өткізу жоспарланған.

Түркі халықтарының татулығы мен бірлігін нығайтуда ТМЫК маңызды орынға ие 

«Келесі жыл Қазақстан үшін мазмұнды болмақ. 2019 жылы «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл жастарға, олардың мұң-мұқтажына, Қазақстанның болашағына ерекше көңіл бөлудың көрінісі», — деді Мемлекеттік хатшы.

Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі аясындағы өзара іс-әрекетті одан ары нығайту ісінде табыс тіледі.