Түркі әлемінің көшбасшысы

0

Бабалардан аманат болып жеткен осы ұлы мұрат жолында талай «тар жол тайғақ кешуді» басынан өткерген ел жақсыларының ерлік ісі бүгінде әлем таныған Тәуелсіз Қазақстанның алғышарты болатын. 

Иә, әйтсе де, бірінші болу, әлі ешкім жүріп, басып көрме­ген тыңға түрен салу қай ке­зең­де де оңай болмаған. Бұл тәуекел кім-кімнен де батыл­дық һәм шешімгерлікті талап еткен. Ондай жауапты қадам­дар­ға көшбасшысын кейде уа­қыт­тың өзі таңдап жатады. Осыдан тура жиырма жеті жыл бұрын егемендігін енді алып, дербес мемлекет құруға бағыт алған Қазақстандай құт мекеннің апыл-тапыл басқан алғашқы қадамын нықтап, бағытын анықтауға Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген басшыны бұйыртуы – уақыттың ерекше сыйы десек, артық айтқандық емес.

Тұңғыш Президент күніне орай отандық телеарналарда көрсетілген бірқатар деректі һәм көркем фильмдердің маз­мұн­­ы­на үңіліп, мағынасына те­рең бой­лай отырып осыған анық көз жеткізгендей болдық. «Түркі әлемінің лидері» де­рек­ті туын­дысы мен ре­жис­сер Рүстем Әбдіраштың «Ба­ла­­лық ша­ғым­ның аспаны» картинасы, сондай-ақ ше­тел­дік серік­тестермен тиім­ді сауда-экономикалық, өн­дірістік қарым-қатынаста үл­кен маңызға ие оқиға – Қа­зақ­станның Каспий арқылы әлемдік мұхитқа шығуына жол ашқан еуразиялық көлік жүйесі стратегиялық жобасы төңірегінде тарқатылатын Александр Трухачевтің «Морс­кие воро­та стра­ны» фильмі де көтерер та­қы­рып ау­қы­мы­мен құнды. Бұдан бөлек, мереке күні Елбасының арнайы қатысуымен тұсауы кесілген режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмі де тыңнан түрен салып, тақыр жерге астана тұрғызған Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқа­ру­дағы даңғыл жолын көркемдік биікте шебер суреттейді. 

Ал дәл сол күні «Хабар» арнасынан көрсетілген «Түркі әлемінің лидері» деректі туын­­­­­дысында Елбасының – Тәуелсіздік алғаннан бас­тап ел­дің келешегі жолында жас­ап келе жатқан жарқын іс­те­рі­не отандық саясаткерлер мен ғалымдар, түркі әлемі қайрат­керлерінің көзқарас-пікірі не­гі­зінде жан-жақты баға беріледі. 

Фильм Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел та­рихының 30 жылға жуық айтулы кезеңінде сан түрлі сынақ пен маңызды шешімдерге толы қайраткерлік қадамын, көреген саясаты мен дегдар болмысын ашуға бағытталған. Сол арқылы еліміздің жаңа елордасы – Астана қаласының географиялық қана емес, саяси-эконо­­ми­калық, жалпы тарихи ма­ңыз­дылығы сауатты сарапталады. Сондай-ақ фильмдегі түркі әлемі саяси қайраткерлерінің Қазақстан, Астана жайындағы, тәуелсіз елдің әлемдік саяси аренадағы тұғы­­рын тіктеп, бағытын анықтаудағы Елбасының кемең­гер шешімдері турасында айтқан пікірлері де деректі туындының мазмұнын байытып, ауқымын кеңейткен. Осы ар­қылы көрермен Қазақстанның жа­һан­дық ке­ңіс­тіктегі орны мен рөліне жан-жақты көз жүгіртіп, байыпты сараптама жасайды. 

Түркі кеңесінің тұңғыш Бас хатшысы Халил Ақынжы: «VII-VIII ғасырда Күлтегін мен Білге қаған билеген заман­да түркілердің өркендеу ке­зеңі болды. Жиырмасыншы жүз­жылдықта Ататүріктің тұ­сын­да түркілердің ын­ты­мақ­тасты­ғына қадам жасалды. Ол кезде Түркиядан басқа түркі мемлекеттер Кеңес ода­ғы­ның құра­мында еді. Одақ құ­ла­ғаннан кейін тәуелсіз түркі елдерінің жаңа дәуірі басталды. Сол уақытта Қазақстанның лидері Нұрсұлтан Назарбаев көш бастады. Сөйтіп Қазақ­стан­ның түркі әлеміндегі рөлі ай­­қын­далды» десе, Әзербайжан Республикасы Ақ­сақалдар ке­ңе­сінің төрағасы Фаттах Гейдаров: «Кеңес одағы ыды­ра­ған­нан соң жаңадан тәуелсіздік алған елдер бір­қа­тар қи­ын­дық­ты бастан өткерді. Осын­дай кезеңде қазақ елінің тұтқа­сын Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстағаны үлкен бақыт дер едім. Өйткені ол бар күш-жігерін, бүкіл ғұмырын өз мемлекетінің дамуы үшін сарп етті. Қазақстан қазір бірқатар көр­сеткіштер бойынша алдың­ғы орында тұр. Тіпті жаһандық проблемаларды талқылап, шешім шығаруға белсене қатысып жүрген алпауыт мемлекеттердің өзі санасады. Қазақстанның әрбір шешімі болашақты баянды ету үшін жасалуда», деп Елбасының ел басқару ісі мен дегдар саясатына жоғары баға береді. 

Айтулы фильмде сөз болатын ұлт тарихындағы тағы бір елеулі оқиға – Арқа төрі­нен жаңа аста­на­ның бой көтеруі. Иә, түркі та­нымында астана­ның да мән-маңызы ай­рықша. Өткен замандар қой­нау­ындағы тарих тарамдарына көз жүгіртер болсақ, сонау орта ғасырда «қайырымды қа­ла­ны» аңсап өткен Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, жел­мая­сына мініп жерұйықты іздеген Асан қайғының арманы да бүгінде Қазақстанның төр қаласына айналған – ұлы даланың елордасы мұратымен астасып жатқандай. Бабалар аңсап өткен сол асқақ арман бүгінде ақиқатқа айналып, ол Арқа төрінде бой көтерген жас та болса жасам­паз қала – Астана­ның кеңге құ­лаш жай­ған қадамдарынан айқын байқа­лады. 

Неге екен, Астана десе, үнемі ойы­мыз­ға ел­ор­да­­­ның бас архитекторы, жапон сәулетшісі Кисе Курока­ва­ның: «…Иероглиф әлі еш­қан­дай белгі түспеген таза па­раққа келісті түседі» деп қазақ­тың кіндік қаласы турасында айтқан ойы орала береді. Расымен де, сол сонылығы, сол жастығы һәм сол жаңашылдығымен де бүгінде елордамыз әлем тамсана қарайтын ірі мегаполиске айналды. 

Мәңгілік ел орнату – Көк түркінің де, көп түркінің де көкейіндегі арман десек, сол асқақ арман кәрі тарихтың құрсаулы дөңгелегін кері айналдырып, қайта өмірге келді. Арада 15 ғасыр уақыт өткенде кең-байтақ түркінің тап жүрек тұсында тәуелсіз жаңа мемлекет пайда болып, еңселі елордасы бой көтерді. Сөйтіп Ұлы дала ұрпақтары өздерінің тарихи тағдырының иесі атанды. Бұл да болса, Тұңғыш Пре­зи­дентіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның тізгінін қолына алған сәтте ойға алып, ақиқатқа айналдырған дегдар баста­масы мен көреген саясаты­ның жемісі екендігі сөзсіз.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан