туристік фирмалар ұмраны уақытша тоқтату туралы айтты
Қысқа сілтеме алу
Қазақстанда кіші қажылықты ұйымдастыруға толығымен туристік компаниялар жауапты. Жолдама алғандарға ақша толығымен қайтарылатыны айтылды
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Туристік фирмалар коронавирусқа байланысты Мекке мен Мәдина қалаларына кіруді уақытша тоқтатуға қатысты пікір білдірді. Мамандар жолдама алып қойғандардың ақшасы қалай қайтарылатынын да түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қажылыққа аттануға дайындалып отырған қазақстандықтар
Қазақстанда ұмраны ұйымдастыратын ірі туристік компаниялардың барлығы дерлік жолдаманың ақшасы толығымен қайтарылатынын жеткізді. Алайда кіші қажылықты кейінге қалдырамын дейтіндер болса, ұмраның мерзімін шегеруге болады.
«Жолдама алғандарға ақша толығымен қайтарылады. Ал кейінге қалдырамыз десе, мерзімін шегеруге болады. Мысалы, біз әуе компанияларына, қонақүйлерге, виза жасайтын мекемелерге ресми хат жаздық. Олар ақшаны қайтаруға дайын. Ал визаны алып қойған кісілердікін ұстап қалады. Себебі ол – бір жылдық виза. Онымен коронавирустың қаупі алынғаннан кейін де баруға болады. Ал виза алмағандардың ақшасы толығымен қайтарылады», — деді Hickmet Travel-дің менеджері Жандос Кенжебек Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
«Қызмет Саяхат» туристік операторы да ақшаның толығымен қайтарылып жатқанын жеткізді.
«Жолдама алғандарға ақшаны қайтарып жатырмыз. Өйткені шектеуді қай кезде алып тастайтыны белгісіз. Шыны керек, өзіміз де аң-таң болдық. Ондай бірінші рет болып отыр. Қазір Сауд Арабиясы визаны да беріп жатқан жоқ. Сондықтан ақша толығымен қайтарылады», — дейді менеджер Дулат Қожахметов.
Тағы оқыңыз: «Шариғат мұны қолдамайды»: мүфтият қажылыққа барғысы келетіндерге кеңес берді
Atlas Tourism мен Qazaq Travel де бүгіннен бастап әуе компанияларының Мекке мен Мәдинаға жолаушы алмайтынын жеткізді. Себебі барлығына шектеудің енгізілгені жайында хабар берілді. Осыған байланысты туристік компаниялар бүгін жолға шықпақ болған азаматтарға хабарласып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.
«Бүгіннен бастап ол жаққа ешкімді кіргізбейді. Бұл – форс-мажор. Сондықтан барлығының ақшасы қайтарылады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек, барлығы төленіп қойды ғой. Енді, ол ақшаны қайтаруға бір-екі аптадай уақыт керек. Ал сол жақта жүрген қажылар жоспар бойынша елге оралады. Негізі, осы бір апта немесе он күннің ішінде қажыларды қайтадан қабылдаса, ақшаны қалдырып, күнді ауыстыра салуға болады. Оған келіспесе, ақшасы міндетті түрде қайтарылады», — деп атап көрсетті мамандар.
Айта кетейік, бүгін, 27 ақпанда Сауд Арабия Корольдігі әлемге қауіп төндіріп тұрған коронавирус індетінен сақтану мақсатында ұмра қажылығын жасау үшін Мекке мен Мәдина қалаларына кіруді уақытша тоқтатты. Бұл туралы Сауд Арабияның сыртқы істер министрлігі өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
sputniknews.kz