Туристерге тосқауыл жасала ма?
Министр осы орайда Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Қорғаныс, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің ақпараттық жүйесі біріктірілетіндігін және құжаттардың цифрлық үлгіге көшетіндігін жеткізді.
– Бүгінгі күні техникалық байқау құжаттарына жүргізушілер қолмен заңсыз өзгеріс енгізіп жатыр. Бұған енді жол берілмейді, – деді Ж.Қасымбек.
Депутаттар көтерген тағы бір мәселе көліктік бақылау органдарының шетелдік көліктерді жаппай тоқтатуға мүмкіндік беретін заңды негіздерге қатысты болды. Мәселен, заң жобасында көліктің шетелде тіркелгендігі оны лауазымды тұлғаның тоқтатуына негіз бола алады деген талап бар боп шықты. Бұл талапқа депутат Аманжан Жамалов түсінбестік танытып, бұндай негіздің қисынсыз екендігін және туристік саланың дамуына тұсау болмай ма деген ұсынысын жеткізді.
Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жаңа талаптың тек коммерциялық техникаға, яғни жолаушылар мен жүк тасымалдаушы шетелдіктерге қатысты екендігін атап өтті. Мәселен, министрлік осы талап арқылы Қазақстан арқылы өтетін шетелдік көліктердің біздің елімізде жолаушылар және жүк тасымалына тосқауыл қоймақ. Дәлірек айтқанда, «жолшыбай ала кету» деген пайданың көзіне тыйым салынады.
Н.Нығматулин осы орайда, күн сайын еліміздің шекарасынан шетелдік 6 мың көлік өтетіндігін, оның 4 мыңы – жеңіл автокөлік, 100 қаралы автобус екендігін айтты. Ал оларды тек шетелдік болғандығы үшін ғана тоқтату жемқорлыққа жол ашып, сырттан келетін туристерді шошытуы мүмкін екендігін жеткізді.
Мәселенің туристік салаға қатысты тұсына жауап берген Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов ел шекарасынан туристік автобустарды кедергісіз өткізуге Ұлттық қауіпсіздік комитеті келісім бергендігін, жыл сайын елімізге келетін туристер саны артқандығын айта бастап еді, Мәжіліс Төрағасы оның сөзін кілт үзді.
– Сіздер туристер мінген көліктерді негізсіз тоқтауға жол беретін талаптарға неліктен келістіңіздер? Заң талаптары бір біріне қайшы келмеуі тиіс. Аталған мәселені заң жобасының екінші оқылымына дейін тәртіпке келтіріңіздер, – деп Мәжіліс Төрағасы кесімді сөзін айтты.
Жалпы отырыста депутаттар заң жобасымен қамтылған онлайн такси қызметін тәртіпке келтіру, арзан әуе тасымалын ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Сайып келгенде, күн тәртібіне шығарылған заң жобаларының барлығы мақұлданып, депутаттар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына дәстүрлі сауалдарын жолдады.
Тағы бір айта кетерлігі, депутаттар бүгіннен бастап аймақтарға шығып, сайлаушыларымен кездесулерін бастайды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazagstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/