Түріктің «Фенербахче» клубы Қазақстанда футбол мектебін ашты

0

30 сәуір күні Түркиядағы ең танымал клубтардың бірі «Фенербахче» Алматыдағы Орталық Стадионда журналистерге ашылу салтанатын өткізді.

5 пен 15 жас аралығындағы балаларға Еуропалық футболды үйретеміз деген мақсатпен келген клуб дарынды футболшыларды анықтап, оларды әлемдік деңгейге шығаруды көздеп отыр.

Футбол мектебінің ең басты ерекшеліктерінің бірі білім ағылшын тілінде беріледі.

«Балаларды әлемдік деңгейге дайындауды футболды ағылшын тілінде үйретуден бастаймыз» дейді жаттықтырушылар.

«Қазақстанда алғаш рет шетел тілі мен футбол бірге, балаларымызға ағылшынша сабақ береміз» дейді клуб өкілі.

Фенербахче спорт академиясы негізінде ашылып отырған футбол мектебі болашақта басқа да спорт түрлерін қосатынын айтты. «Қазірше Алматы қаласында ашылдық, болашақта Нұр-Сұлтан, Шымкент сынды ірі қалаларда да мектеп ашылады» дейді клуб өкілі.

Ең кемі он жылдық жоспармен келген Фенербахченің Түркияда 35 миллион жанкүйері бар. Спорт клубы 1907 жылы құрылған. Түркия лигасын 28 рет ұтқан.

Алдағы жоспарларымен бөліскен клуб өкілі жасөспірімдер арасында «Фенербахче CUP» турнирін өткізуді жоспарлап отыр. Талантты жеткіншектерге мүмкіндік береміз деген клуб өкілі алда қала мен ауыл мектептерін аралауды да ойластыратынын айтты.

«Қазір мектепте 25 бала бар. 50 балаға толғаннан кейін әрі қарай қабылдамаймыз» дейді жаттықтырушылар.

«Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты нығайту үшін келдік» деген клубқа шәкірттер мен ата-аналардың да ризашылығы мол екен.