«Түріктер отаны, елдің туы үшін жандарын қиюға әзір»: Стамбулға көшіп кеткен жерлесіміз жаңа елде көріп-білгені туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы қаласының тумасы, отандық компаниялардың бірінде бас бухгалтер қызметін атқарған Индира Такенқызы осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияға саяхаттап, бауырлас елдің мәдениетіне, тіліне, табиғатына тәнті болды. Сөйтіп елге оралып, түрік тілін үйреніп, саяхаттарының бірінде болашақ жарын кездестіріп, тарихы тереңде жатқан Ыстамбұлға қоныс аударды. Stan.kz тілшісі жерлесімізбен байланысып, ол жердегі тыныс-тіршілігі, қиындықтары, Отанға деген сағынышы мен қандастарымыздың берік қарым-қатынасы туралы естіп білді. Индира бос уақытында жаңа елдің мәдениетін, тарихын зерттеп, қала көшелерін аралап, барлығын инстаграмдағы парақшасында оқырмандарына әңгімелеп береді. 

— Индира, бөтен елге көшу қиынға соқпады ма? Қорқақтамадың ба?

— Кез-келген қарым-қатынас өзара сенімде құралады, сондықтан мен таңдауым түскен азаматқа толығымен сенім арттым. Ешқандай қорқыныш болмады. Бірақ қазір бірнеше жыл өткеннен кейін өзімнің сол кездегі батылдығымнан шошимын. Көзсіз батылдық дер едім. Түркия маған бір көргеннен ұнады, сондықтан мен өзімді осында жақсы сезінемін. 

— Көшіп барғанда қандай қиындықтарға тап болдың?

— Қиындық демес едім, үйренісу. Басқа халықтың ментелитетіне үйрену, жаңа әдеттер, жаңа тағамдар — мұның барлығы біздің мәдениетіміз бен әдеттерімізден ерекшеленеді. Бірақ бұл уақыт жарты жыл-бір жылдан ұзаққа созылмады. Менің жұбайым мен оның отбасының қолдауының арқасында бәрін оңай өттім. Отбасы тарапынан да ешқандай қысым болмады. Мен білмеген дүниелерімді олар айтып, көмектесіп, бағыттап тұрды. Түріктер отбасыға өте жақын адамдар, тіпті бірінші кездерде жолдасым мені жалғыз ешқайда жібермейтін. Адасып кетеді деп қорқатын. Жарты жылдай үйден жалғыз шақпадым, басқа аудандарға тек жұбайыммен не туыстармен, енеммен шығып жүрдім. Ыстамбұл — өте ұлкен шаһар, сондықтан уайымдайтындайы да бар. 

Көшкеннен кейін менде бос уақыт та пайда болды. Үйреніскеннен кейін қалаға жалғыз шығып жүрдім. Стамбулда 18 млн-ға жуық халық тұрады, сондықтан инфрақұрылым, қоғамдық көлік желісі өте жақсы дамыған. Қаланы жақсылап тану, зерттеу үшін жалғыз шығуың керек, өйткені қасында біреу болса, оған сеніп қаласың.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңа ел болғаннан кейін, барлығы да бейтаныс. Бізде бар үйреншікті нәрселер сатылуы мүмкін, ал қалғаны — мүлдем басқа. Тұрмыста пайдаланатын тазартқыш заттарды алатын кезде, қайсысын аларыңды білмей дал боласың. Күнде өзің үшін жаңа бірдеңе ашасың. Қандай сабын, сусабын, тіс пастасын алу керек — бәрін зерттейсің. Өмірің жаңадан, таза парақтан басталады.

Тағы таңғалдырған нәрсе, бізде жолды өтерде, жолаушылар жолағына аяқ бассаң болды, көліктердің бәрі тоқтайды. Ал бұл жерде, бәрі қиын. Жүргізушілер жолаушыны жібермейді. Қауіптілік бар. Бағдаршамның қызыл көзіне жолаушылар өте береді, бұған да ұзақ үйрендім. Қазір мен де көлік болмаса, жүгіріп өте беретін болдым. 

— Ал Түркия несімен ұнады? Несімен таңғалдырды?

— Бәлкім үш жылда Қазақстанда да жағдай өзгерген шығар, бірақ бірінші кезде мен мобильді қосымша арқылы кез-келген қоғамдық көліктің қозғалыс уақытын бақылап отыруға болатынын көріп таңғалдым. Осылайша мен өзімнің уақытымды үнемдеймін. Сондай-ақ мәселен, дәрігерге жазылуым керек болса, арнайы мобильді қосымша бойынша дәрігерді, клиниканы және бос уақытты таңдап жазыламын. Мұнда, ең қызығы, дәрігерлердің қабылдауы бес минуттан аспайды, сондықтан уақытында болу керек. 

Сонымен қатар түріктердің полициясына таңғалудан қалмаймын. Жандармерия мен халықтың арасындағы жылы қарым-қатынасқа әлі күнге дейін таңғаламын. Бір-біріне деген көңілі, жұмсақтығы. Полицейлер көшеде жүрген иттерді тамақтандырып, сипайды. Халықпен біте қайнасқандығы соншалық, қыста қар түскенде полиция көлігі тоқтап, полиция қызметкерлері қар атысып ойнап жүрген балаларға қосылып бірге ойнады. Ал жуырда, эпидемия кезінде, кішкентай бала полицияға хабарласып, менің бүгін туған күнім, бірақ әкем тортқа шыға алмай жатыр деп айтқан. Сөйтсе полицейлер торт алып келіп, оның үстіне балауыз қойып, Happy birthday әнін орындап берген. 

Тағы бір орын алған жағдай, аяғы ауыр әйел полицияға хабарласып, үйде жалғыз қалғанын айтып, тәтті жегісі келетінін жеткізген. Сөйтсе жандармдар түнгі бірде тәттілердің дүкенін ашқызып, әйелге пахлава алып келген. Қазір пандемия кезінде барлық алаңдар босап қалғаннан кейін, полиция қызметкерлері адамдармен қоса көше жануарларына да қамқорлық көрсетуде. Мұндағы жануарларға деген қамқорлық мені таңғалдырады, олардың күтімі үшін қала муниципалитеті арнайы бюджет бөледі. 

— Индира, Түркия сені тағы несімен жаулап алды? Білуімше, Түркияға көшпес бұрын, сен түрік тілін үйрендің?

—  Иә, көшкенге дейін түрік тілін үйрендім, бұл маған сіңісуіме қатты көмектесті. Жаңа отбасыммен тіл табысуға, қалжыңдарын түсінуге, әңгіме айтуға септігін тигізді. Бірақ, әрине, біраз үйренуім керек. Кейде түсінбей қалатын нәрселерім болады. Елдің тарихы, мәдениетіне қызығушылығым туындағаннан кейін мен түрлі танымдық бағдарламаларды қарап, әлеуметтік желідегі блогыма Түркия туралы жазбаларымды жариялаймын. Жалпы, түрік тілі мен оның дыбысталуын қатты жақсы көремін. Әрине, әу баста кез-келген тілді меңгеру қиын, бірақ шын қалап тұрсаң, қызығушылық танытсаң, онда алынбайтын қамал жоқ. Тіл үйренемін деушілерге мен сүйікті әндеріңізді жаттып, ән шырқап, фильмдер қарауға және мүмкіндік болса сол тілдің ортасында үйренуге кеңес беремін. Мен көшкенге дейін Түркияны қатты ұнататынмын. Бірақ Ыстамбұлға ғашықпын. Мұнда тарихи сәулет орындары өте көп, бос уақытымда Рим империясының астанасы болған шаһардың тарихын зерттеймін. 

— Түріктердің отбасы, бала-шағаларына қарым-қатынасы бізден несімен ерекшеленеді?

— Түріктер баланы өте қатты жақсы көреді, тіпті қоғамдық орындарда бөтен баланы ойнатып, жылап қалса, ешкім көзін сүзбейді, қайта бірге жұбатады. Түріктер балаларының бетін қақпай, еркелетіп, жақсы көріп өсіреді. Соның нәтижесінде түріктер өз-өздеріне сенімді, ойларын, сезімдерін ашық айта алатын тұлғаға айналады. Мұнда ұялшақ баланы табу қиын. Ұлдарын «асланым менің» деп еркелетеді, бұл «менің арыстаным» дегенді білдіреді. Әрине, ата-анасының мақтауын, жылуын көріп өскен бала өзіне сенімді болып өседі. Бірақ мұның кері жағы — кейбір балалар өте ерке, мазасыз болып өседі. Әке-шешесі қоғамдық орында оғаш қылық көрсетсе де қой демейді.

Түріктер, біздің халық сияқты, отбасы құндылықтарын жоғары қояды. Бір-біріне жиі қонаққа барады. Мұнда жексенбі күні үлкен әулеттің барлық мүшелері таңғы асқа жиналатын жақсы дәстүр бар. Үлкен дастархан жайылып, түрлі дәмді тағамдар дайындалып, үстелге қойылады. Маған бұл дәстүр қатты ұнайды.

— Түріктер патриот па? Оны қалай байқауға болады?

— Олар өте ұлтжанды, елдерінің үлкен патриоты. Олар Отаны, елдің туы үшін жандарын қиюға әзір. Елдің туы барлық жерде желбіреп тұрады. Кез-келген жиын, мерекеде барлық отбасылар үйлеріне, балкондарына туларын іліп қояды. Полиция қызметкері не солдат қаза болса, қоғамдық орындарда, көліктерде, үйлерде туы көкке көтеріледі. Бұл олар үшін қасиетті нәрсе. Сондықтан болар мен Ыстамбұлға бірінші келгенде менің жұбайым үстелдің үстіне қоятын Қазақстан мен Түркияның туларына тапсырыс берді. Әрине, бұл менің жүрегімді қатты елжіретті.

— Түріктердің еңбекқорлығы аңызға айналып кетті ғой, одан басқа олардан үйренеріміз не?

— Олар өте еңбекқор, қызмет көрсеткенде жаны кіретін, сауданы керемет жүргізетін жандар. Қанында бар шығар, бірақ қолдарынан сауда керемет келеді. Пиар менеджер ма, көше саудагері ма маңызды емес, тауарын жарнамалағанда, аузыңның суы құрып, сатып алуға мәжбүр боласың. Әйтпесе, өзіңді ешқашан кешірмейсің. Түріктер  жарнамалаудың корольдері десек болады. Тіпті Youtube-ті қарап отырғанда жарнамалары шығып қалса, қызық болғандығы соншалықты, өшіріп тастауға қимайсың. Жарнамаларының өзің қызығып қарайсың. Өйткені адам жанын тебірентеді. Ал базар, кішігірім шайханаларындағы қызмет көрсетуі де жоғары деңгейде. Тек шайға тапсырыс бере ме дегендей біздікіндей көзін сүзіп қармайды.

Былтыр Мысыр базарында бір сатушымен таныстым, ол 5-6 тілде сөйлейді. Еркін емес, әрине, бірақ соның өзі қайда жатыр. Келген туристерге қызмет көрсете алады, сол туристердің бабын табу үшін тіл меңгергеннің өзі керемет қой.

Көп адамдар Түркия туралы ойларын сериалдар арқылы қалыптастырады, бірақ сериалдағы өмірі мен шынайы өмірі, әрине, басқа. Түркияны — мұсылман не зайырлы ел деп айта алмаймыз. Бұл ауданға, қалаға байланысты. Бір Ыстамбұлдың өзінде ашық-шашық жүре алматын аудандар бар. Мұнда Исламның барлық қағидаларын ұстанатын, бес мезгіл намаз оқитын, әйелдері бүркеніп жүретін консервативті отбасылар бар. Әйелі де, күйеуі де батыстық үлгіде білім алған, жұмыс істейтін отбасылар да бар. Біздің отбасы — аралас. Енелерім орамал тағып, бүркенеді, балалары — замануи. 

— Алыста жүріп елді қатты сағынатын болуың керек? Ол жерде не жетпейді? 

— Әрине, мен өз үйімді, Отанымды қатты сағынамын. Сондықтан осында жүрген қандастарымызбен жиі жиналып, ұлттық шараларымызды ұйымдастырамыз. Өзімнің ауданымда тұратын осында тұрмыс құрған 5-6 қазақ қыздарын таптым. Біз үнемі араласып, әр бейсенбі сайын кафеде не үйімізде жиналамыз.

Шетте жүргенде өзіңнің қандасыңды көргенде ішің жылып ұшып кете жаздайсың. Мұндағы кез-келген қазақтың үйінде қазысы мен жылқының еті болады. Түріктер жылқының етін жемейді, бірақ өзіміз жиналғанда, бауырсақ, ет, мәнті сияқты төл тағамдарымызды дайындаймыз. Қазір коронавирусқа байланысты бір-бірімізден қол үзіп қалдық. Түріктердің тағамдары біздікінен ерекшеленеді, сондықтан алғашқы кездері біздің асты қатты сағынатынмын. Қазір тамақтану әдеттерім өзгерді ме екен, әлде климат ет тағамдарын тұтынуды қажетсінбей ма, етті аз жейтін болдым. Жаңа елге қоныс аударғанда, қалауыңнан тыс, ол елдің ділін, тілін, әдеттерін бойына сіңіресің. Сонымен қатар өз дәстүріміз бен мәдениетіміз туралы ұмытпаймыз. Мен отбасыма біздің ел, тарихымыз туралы жиі әңгімелеймін, жұбайым құлақ түріп тыңдайды, біздің мәдениетке қызығушылық танытады. Тіпті түрік тіліндегі Қазақстан жаңалықтарына жазылған. Қазақстан дегенді естіп қалса, мені айқайлап шақырады.

Бір дін өкілі болғандықтан бізге жеңіл. Қазақ-түрік деп бір-бірімізді бөлмейміз. Жалпы, түріктер өте ашық, көмек қолын созуға дайын халық, бізді өз бауырлары есептейді. Сондықтан біз екі елдің ең жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіріп, отбасымызда екі есе мереке, атаулы күндер бар. Мұнда айтпақшы біздікіндей 8 Наурыз кең аталып өтпейді, құшақ-құшақ гүл ұстаған қызды көрмейсіз. Бұл — әйелдер құқығын қорғау күні болып есептеледі. Бірде жұбайымды дайындамақ болып, 2-3 апта қалғанда біздегі мерекені тойлау туралы айта бастадым, сөйтсе қолына екі тал гүл ұстап келіпті. Мен күліп алдым. Бірақ қазір ол маған толыққанды гүл шоғын алып келетін болды. Бұдан басқа біз елдегі мерекеміз Жаңа жылды атап өтеміз. Шағын дастархан жайып, бір-бірімізді құттықтаймыз. Түріктер Жаңа жылды қатты атап өтпейді, керісінше Ораза айт, Құрбан айтты кең ауқымда атап өтеді.

Әрине, түрік тағаамдарынан басқа мен бұл мерекелер кезінде өзіміздің тағамдарды дайындаймын. Менің ата-енем бауырсақты қатты жақсы көреді. Пісірген кезде бірден оларға апарып беремін. Олар рахаттанып тұрып шәй ішеді. Кейде «Наполеон», «Медовик» сияқты торттарды дайындайымын. Ата-енем қатты жақсы көреді. Сөйтіп біздің тағамдар арқылы ол кісілердің жүрегін жауладым. Барлық әлем сияқты пандемияның аяқталуын мен тағатсыздана күтіп отырмын, сүйікті жерлерге қыдырып барамын. Менің енем бірге қыдырғанды қатты жақсы көреді. Және әрине, әуе қатынасы ашылысымен елге барып-қайтуды жоспарлап жүрміз. 

— Бәрін айт та, бірін айт. Түркияда өмір сүру қиын ба?

— Иә, қымбат десек те болады. Мысалы жалақыдан төлейтін салық жалақы көлеміне қарай есептелінеді. Жалақың көп болған сайын салығы да көбірек. Сонымен қатар НДС та тауар түріне қарай көбейеді. Коммуналдық төлемдер бізбен салыстырғанда жер мен көктей, ал бұл жерде қымбат тарифтермен қоса төлемдерге салық та қосылады. Пәтер жалдау тек жылжымайтын мүлік агенттіктері арқылы жүзеге асады, пәтерақыдан басқа депозит төлеуге міндеттісің. Және бір айлық пәтерақы көлемінде риэлтор қызметі үшін төлейсің. Жалдаған пәтерге кіргенде не су, не жылу, не жарығы болмайды, өзіңнің атына шот аштырып, тіркетесің, содан кейін береді. Мұнда коммуналдық төлемақы қымбат болғандықтан, 24 сағат бойы жылуды қосып қоймаймыз. Үйді жылытқасын өшіріп немесе азайтып қоямыз. Азық-түлік те арзан емес. Мұнда төрт теңіздің барына қарамастан балықты жиі жемейміз, балықты жейтін уақыт қыркүйекте басталады. Сол кезде балықтың бағасы төмендеп, халыққа қолжетімді болады. 

Ең төменгі жалақы 2420 лир немесе 140 мың теңге шамасында. Бұл сомаға пәтерақы мен коммуналдық ақыны төлеуге болады. Ал азық-түлікке үнемдеп жұмсайсың. Егер үйде екі адам жұмыс істесе, онда жетеді. Коронавирусқа дейін де елдегі жұмыссыздық деңгейі жоғары болатын, еңбек биржалары лық толы еді. Жұмыс табу қиын. Менің өзім 3-4 рет сұхбаттасуға бардым. Орыстілді азаматтарға жұмыс табуға болады, бірақ сені ресми түрде қызметке тұрғызбайды. Еңбегіңді пайдаланып, ананы-мынаны сылтауратып, жаңа қызметкерді ала салады. Мұнда орыстілділер өте көп. Ресми рәсімделмеген қызметкер ұсталынса, үлкен айыппұл төлейді. Ыстамбұлда түрлі қызметке баулитын курстар өте көп. Бәрі тегін. Бірақ жазылу өте қиын, кезектері үлкен.

— Түркияда жемқорлық таралған ба?

— Жеке өзім не жанұям жемқорлық фактілерін көрмедім. Ұсақ жемқорлықты айтамын. Ешкім ашық түрде шенеуніктерге сыйлық беріп, аузын майлауға тырыспайды. Есімде, біздің елде, әкем аяғы сынып, аурухананың қабылдау бөлімінде қиналып жатса да, үш сағат бойы дәрігерлер таныстарымызға хабарласып, ақшасын бермегенше, маңымызға жоламады. Бізде сұраған ақшалары бірден табылмады, оны бергеннен кейін ғана қарап, отасын жасады. Мұнда да әрине кезегіңді күтесің, бірақ бірінші кезекте бәрін қарап, күте алатындарды кейінге жылжытады. Сынығы, жарақаты барларды бірінші кезекте қабылдайды. Үш жылда біздің елде де бәрі жақсарды деген үміттемін. Мұнда да «Сәке-Бәке» дегендер бар дегенді естідім, бірақ тура біздікіндей ауқымда емес. Полицейлерге қолына пара берді дегенді естімеппің, параны жай қолына ұстатып кете алмайсың. Қазақстанда жемқорлықпен ұсталғандар туралы жаңалықтар күнделікті шығды ғой. Мұнда жемқорлық қатты таралмаған ба, не жасыра ма, әйтеуір ондай сарындағы жаңалықтар көп шықпайды. 

 

Дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ

 



stan.kz