Түрікменстан президенті болғысы келетін Сердар Бердімұхамедов кім?

0

Түрікменстанның авторитар президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз орнына ұлын дайындап жатқаны жиі айтылады. Осы әңгіме шыққалы Сердар Бердімұхамедов те халық алдына жиі шығатын болған. Билікке жоғары өрлеп, бірқатар лауазымды қызмет атқарып үлгерген оның жеке өмірі мен болмысы жайлы дерек аз.

12 наурызда Түрікменстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Онда авторитар лидер Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы жеңіске жетіп, президент болады деген болжам айтылып отыр.

Кейінгі жылдары Сердар Бердімұхамедов жұрт алдына жиі шықты. Бірқатар лауазымды қызмет ауыстырып, қоғамдық іс-шараларға қатысты. Түркіменстан президентінің билікті ұлына тапсыруға дайындалып жатқаны жайлы түрлі сыбыс-қауесет тарады. Орталық Азиядағы постсоветтік ел табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұр.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің (ортада) отбасымен сайлау учаскесіне дауыс беруге келген кезі. Оң жақта оның ұлы Сердар Бердімұхамедов тұр. Ашғабат, 12 ақпан 2017 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің (ортада) отбасымен сайлау учаскесіне дауыс беруге келген кезі. Оң жақта оның ұлы Сердар Бердімұхамедов тұр. Ашғабат, 12 ақпан 2017 жыл.

Сердар Бердімұхамедов саясат алаңында жиі көзге түскенімен, оның жеке өмірі мен мінез-құлқы жайлы айтыла бермейді. Бұрынғы әріптестері оның қауіпсіздікке ерекше алаңдайтынын, қол астындағыларға мұрнын шүйіре қарайтынын айтады.

40 жастағы Сердар Бердімұхамедов саясатқа 2016 жылғы қарашада араласа бастады. Алдымен парламенттегі бос орынға өтіп, депутат болды. Сосын сыртқы істер министрлігі ақпарат департаментінің басшысы болды.

2018 жылғы мамырда сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Содан бері жылына бірнеше рет жаңа қызметке отырып, саяси лауазымы өсіп отырды.

2019 жылғы қаңтарда Сердар Бердімұхамедов Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары, алты айдан соң әкім болып тағайындалды.

2020 жылғы ақпанда өнеркәсіп министрі болды. Бір жылдан соң министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметіне келді. Түркіменстанда премьер-министр лауазымы болмағандықтан, бұл маңызды қызметтердің бірі саналады. Министрлер кабинетін президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады. Яғни, осы қызметтің арқасында Сердар Бердімұхамедов Түрікменстандағы екінші адамға айналды.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 15 наурыз 2018 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 15 наурыз 2018 жыл.

Сондай-ақ Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік бюджет пен шығындарға жауап беретін жоғары бақылаушы орган төрағасы қызметін атқарады, қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіреді.

Ол Түрікменстанда ауыл шаруашылығы университетін бітірген. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша Женева мен Мәскеуде оқыған. Үйленген, төрт баласы бар. Жеке өмірі жайлы бұдан басқа дерек жоқтың қасы.

Сердар Бердімұхамедовтің лауазымының жоғарылауы президент әкесінің денсаулығы нашарлағаны туралы хабарлар тараған уақытпен тұспа-тұс келді.

Мемлекеттік телеарналар Гурбангулы Бердімұхамедовтің велосипед мініп серуендеп жүргенін, жаттығу жасап я жүгіріп жүргенін жиі көрсетеді. Бірақ оның қант диабетіне шалдыққаны белгілі.

2019 жылғы жазда президент жұрт алдына шықпай кетті. Бұл оның комаға түскені немесе өліп қалғаны жайлы қауесеттің тарауына түрткі болды. Ал қоғамдық өмірге қайта оралған соң ол билікті ұлына тапсыруға дайындығын жалғастыра берді.

«МОЙНЫҢДЫ ЖҰЛАМЫН»

Елдегі билік қолындағы баспасөз құралдары Сердар Бердімұхамедовті «халықтың ұлы» деп атап, оны «әріптестерінің құрметіне лайық сыпайы және ақкөңіл адам» деп сипаттайды.

Бірақ оның әріптестері оны әлгіндей «сыпайы және ақкөңіл емес» дейді.

Ахал уәлаяты әкімдігінің бұрынғы қызметкері Сердар Бердімұхамедов әкім болған кезде бірқатар ереже енгізгенін айтады. Оның сөзінше, кіші Бердімұхамедов артық дабыра-шусыз, өте тыныш жұмыс істеуді бұйырып, мобильді телефон ұстауға тыйым салған. Шұғыл жағдай болмаса, жұмыс орнынан кетпеуді бұйырған.

Оның бұрынғы қызметкері «Түрікменстан хабарлары» сайтына Сердар Бердімұхамедов қол астындағыларды «мойныңды жұлып аламын» деп қорқытқанын айтқан.

Түркіменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердімұхамедов Татарстан астанасы Қазан қаласында Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесіп отыр. 30 сәуір 2021 жыл.
Түркіменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердімұхамедов Татарстан астанасы Қазан қаласында Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесіп отыр. 30 сәуір 2021 жыл.

Сердар Бердімұхамедов қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударатынға ұқсайды.

Бұрынғы қызметкерінің сөзінше, Сердар Бердімұхамедов жұмысқа терезесі күңгірт көліктер ілестіріп, «президент күзетшілері» атанып кеткен қауіпсіздік қызметі өкілдерімен барып жүрген.

Ал есігінің жанында күзетші тұрған. Әкімнің кеңсесіне кіруге бірнеше өкілетті тұлғаға ғана рұқсат берілген.

Ахал уәлаяты тұрғындары «Түрікменстан хабарлары» сайтына Сердар Бердімұхамедов қарапайым адамдардың өмірі мен мәселелеріне алаңдамайтындай көрінді дейді.

Әкімнің тікелей міндеті екеніне қарамастан, ол кеңсесіне барған адамдармен кездесіп, мәселелерін талқылаудан бас тартқан.

«АҒАШЫНАН АЛЫС ТҮСПЕГЕН АЛМА»

Сердар Бердімұхамедов тек мемлекеттік қызметтер ғана атқармайды. Сондай-ақ ол түркімен алабай иті қауымдастығын, ақалтеке жылқысын өсіру қауымдастығын басқарады.

Алабай ит пен ақалтеке жылқысы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің сүйікті жануарлары саналады. Елде ерекше қастерленетін бұл екі жануарға алтын ескерткіш қойылып, кітаптар жарық көрген.

Түркіменстан президентінің ұлы Сердар Бердімұхамедов ақалтеке жылқысы мен алабай итіне арналған іс-шарада тұр. Ашғабат, 25 сәуір 2021 жыл.
Түркіменстан президентінің ұлы Сердар Бердімұхамедов ақалтеке жылқысы мен алабай итіне арналған іс-шарада тұр. Ашғабат, 25 сәуір 2021 жыл.

Әкесінің бұл екі жануарға деген сүйіспеншілігі Сердар Бердімұхамедовке дарыған-дарымағаны беймәлім. Бірақ әкесі секілді ол да ән салып, автокөлік жүргізгенді, нысана атқанды жақсы көреді.

Сердар Бердімұхамедовтің билігіне өткелі тұрған елді кедейлік, жемқорлық, жұмыссыздық жайлаған. Мүмкіндік пен еркіндік болмаған соң, миллиондаған адам елден кетіп жатыр. Яғни, туу көрсеткіші жоғары болғанына қарамастан, Түркіменстанда халық саны азайып барады.

Сердар Бердімұхамедов президент болса, билік расымен оған өте ме, әлде әкесіні қолында қала бере ме, ол жағы беймәлім.

Қалай болғанда да, түркімендер Бердімұхамедов отбасы билікте болса, маңызды өзгеріс бола қоятынына немесе бірдеңе жақсаратынына сенбейді.

Азаттық радиосы