Түрікменстан Ауғанстанмен шекарадағы жағдай туралы мәлімдеме жасады

0

Түркіменстан Ауғанстан шекарасындағы жағдай туралы мәлімдеме жасап, ресейлік БАҚ-ты жалған ақпарат таратты деп айыптады.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы күндері бірқатар ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары «түрікмен-ауған шекарасындағы жағдайға қатысты тексерілмеген және ашық түрде объективті емес хабарламалар» таратуда.

«Атап айтқанда, РБК телеарнасы Ауғанстан шекарасына Түрікменстанның әскери техникасы мен артиллериясын тарту туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты. Бұл арзан сенсация жолындағы жалған ақпараттан басқа ештеңе білдірмейді», — делінген хабарламада.

СІМ сонымен қатар екі көрші мемлекет пен олардың халқының бауырластық қатынастарының арқасында түрікмен-ауған шекарасы достық пен ынтымақтастықтың шекарасы болғанын айтады.

Түрікменстан Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оның қарамағындағы барлық әскери бөлімшелер, олардың жеке құрамы мен әскери техникасы тұрақты орналасқан жерлерде қалады және көзделген бағдарламаға сәйкес жоспарлы оқу даярлығын орындауды жалғастырады.

«Бұрыннан келе жатқан тату көршіліктің дәстүрлеріне сәйкес, сонымен қатар екіжақты келісімдерде бекітілген халықаралық құқық пен міндеттемелердің мызғымас қағидаттарын берік орындай отырып, Түрікменстан бауырлас Ауғанстанмен бейбіт және тату көршілік байланыстарды қолдауға және нығайтуға ұмтылады», — дейді СІМ.

Түркімен-ауған шекарасындағы ахуал ушыққан тұста Түркіменстан билігі ел арасында патриотизм туралы насихат жүргізе бастап, шекараға қосымша әскери күш тартып жатыр. Билік сондай-ақ шекараға жақын Серхетабад қаласына (бұрынғы Кушка) әскерилер мен дәрігерлер жіберіп, шекарадағы қауіпсіздікті күшейтті, деп хабарланған болатын.