Тұрғындар мәмілеге келе алмай жүр
«Мақалада көрсетілген жатақхана қала орталығында емес, қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінде орналасқан»,-дейді жауап хатта.
«Толығырық айтқанда, Қызылжарма ауылдық округіндегі Батырбаев көшесі 2А мекен жайындағы 5 қабатты жатақхана құрылысы 1974 жылы басталып 1979 жылы пайдалануға берілген. Жатақхана 1997 жылдан бастап жеке меншікке өтіп кеткен.
Сондықтан, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 35 бабы және 50 бабының 2 тармағына сәйкес, меншік иелері ортақ мүліктің және дара меншіктегі үй-жайлардың сақталуына және қауіпсіз пайдалануына жәрдемдесуге және оған жұмсалатын шығыстарына қатысуға міндеттеледі.
Осы заңға және ҚР Үкіметінің «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» талаптарына сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге меншік иелерінің кемінде 70 пайызының келісімі болуы керек. Содан кейін ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Алайда, осы жатақхана тұрғындарының әр түрлі пікірлері, бір мәмілеге келе алмауы салдарынан келіссөз жұмыстары 3 жылдан аса жүрді.
Аталған жатақхананы жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізу бойынша тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылдың аяғында тұрғындардың келісімі алынды.
Қазіргі таңда жатақхананы күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттамалары «Ремпроектсервис» ЖШС-мен дайындалуда.
Жобалық сметалық құжаттамалары дайын болғаннан кейін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кету керек, соңғы 6 жылдың ішінде Қызылорда қаласы бойынша ҚР Үкіметінің «Өңірлерді дамытудың 2020-шы жылға дейінгі бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд. 200 млн. теңгеге 115 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
Бұдан бөлек қайтарымды қаражат есебінен 600 млн. теңгеден астам қаржыға 16 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді».
Әкімдік қайта-қайта қозғалған даулы мәселеге осылай жауап беріп отыр. Жатақхана толық жөндеуден өтсе осы тақырыпты қозғаған ақпарат құралдарының да үміті ақталар еді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы.
Дереккөз: http://egemen.kz/