Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы аса маңызды үш кеңес берді
Қысқа сілтеме алу
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы айтқандай, пәтер таңдаған кезде оның ипотекасын төлеуге қанша жыл кететінін ескеру керек
НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ляззат Ибрагимова 2 проценттік баспана кредитін алуға қатысты нақты үш кеңес берді. Бұл ипотека «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында беріліп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, алдымен баспана кезегін үнемі бақылап отыру қажет. Жолдаманы алғаннан кейін бірден банкке барған жөн. Бұл – бірінші кеңес.
«Екінші кеңесім, міндетті түрде кәсіпкерлікпен айналысып немесе еңбек етіп, аз да болса табыс табу қажет. Бүгінде бұл – басты мәселелердің бірі. Табыс болмағаннан кейін кредит берілмейді. Содан отбасылар шу шығарып, наразылықтарын білдіріп жатады», — деді Ибрагимова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Банк басшысы нақты табысы жоқ отбасылар қомақты әлеуметтік көмекті алып отырғанын айтады. Соның есебінен кредитті жабамыз дейді. Алайда атаулы әлеуметтік көмек табыс болып саналмайды.
«Иә, бізде әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек табыс көзі ретінде саналмайды. Ондай отбасыларға баспана кредиті берілмейді. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті балаларға бөліп отыр. Ақшаны соларға жұмсау қажет. Ал әлеуметтік көмектің есебінен кредит жабуға жол берілмейді», — деп атап өтті Ибрагимова.
Тағы оқыңыз: Вице-министр баспана сұрап, бас көтеретін аналарға жауап берді
Банк отбасының табыс көлемін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған жарна бойынша анықтайды. Осыған байланысты Ибрагимова зейнетақы жарналарын үнемі аударып тұру керектігіне назар аударды.
«Ал үшінші кеңесім пәтер таңдауға байланысты. Үлкен пәтер таңдасаңыз, баспана кредитін 18 жыл төлей аласыз ба? Осыны ойлау қажет», — дейді ол.
Айта кетейік, 2 проценттік баспана кредиттерін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алуға болады. Ондай кредит көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалалы бар отбасыларға ғана беріледі. Осы бағдарлама аясында жыл сайын 5 мың отбасы баспаналы болады деген жоспар бар.
Банктің мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін 2,5 мың отбасыға кредит беруге рұқсат берілді. Олар үш ай ішінде пәтер табуы керек. Баспананы тапқаннан кейін 2 проценттік кредит ресімделеді.
Тағы оқыңыз: «Бақытты отбасы» бағдарламасы: 2%-пен қалай баспана алуға болады — толық ақпарат
«Бүгінде 500 отбасы кредитті ресімдеп, өз үйлеріне кірді. Қалғандары пәтер іздеп жатыр. Енді табылмай қалса, іздеу мерзімін 6 айға дейін ұзартатын ойымыз бар. Бірақ бізге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игеру керек», — деп жауап берді Ибрагимова Sputnik Қазақстан тілшісінің сұрағына.
sputniknews.kz