«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жеңілдікпен баспана алу шартын таныстырды

0

19 наурызда Астанадағы үкімет үйіндегі баспасөз жиынында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жеңілдікпен баспана алу шартын таныстырды. Оның сөзінше, баспананы тұрақты табысы бар көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұялар мен толық емес отбасылар ала алады.

— Біздің мақсатымыз – төлеуге қаражаты жететін, яғни ай сайынғы табысы отбасының бір мүшесіне 20 мыңнан 42 500 теңгеге жететін отбасыларды баспанамен қамту. Егер төрт балалы отбасындағы ерлі-зайыптының табысы 260 мың теңгеге жуық болса, олар біздің бағдарламамен үй ала алады, — дейді Ләззат Ибрагимова.

Несиенің жылдық мөлшері — 2 пайыз, алғашқы жарна – 10 пайыз. Банк өкілінің сөзінше, алғашқы жарнаға ақшасы жетпегендерге әкімдік тұрғын үй сертификатын береді. Құны сегіз миллион теңге тұратын баспана үшін алғашқы сегіз жылда ай сайын 42 мың теңге, ал қалған 10 жылда 27 мың теңгеден төлеу қарастырылған.

Толық емес отбасылар бағдарламамен үй алу үшін ерлі-зайыптылардың ажырасқанына кемінде үш жыл болуы керек.

Азаттық