ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ ҮЛГІ КӨРСЕТТІ

0

Ақшаны үнемдеу туралы көп айтамыз. Доллар бағамы қырық құбылып, мұнай сеніп болмайтын ресурсқа айналғалы бері теңгемізді ұқыптап жұмсау керегі бірден аңғарылған. Әрине, бұл ретте елге белгілі компаниялар мен ұйымдар үлгі көрсетсе, тіпті жарасымды. Жақында ел тұрғындарын баспанамен қамту жолында ауқымды еңбек етіп жатқан, нарықта өзіндік үлгісін қалыптастырған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлері жаңажылдық мерекені әйгілі «Медеу» мұз айдынында атап өтті. 

Мұның не ерекшелігі бар дерсіз? Ерекшелігі сол – біраз жылдан бері жаңа­жылдық коропоративті қымбат мейрамхана мен кафелерде атап өту сәнге айналған. Әрине, ондай орындардың қызмет ақысы да өте жоғары. Мұндай кезде ірі компаниялар мен мекемелердің шығыны миллиондап есептелуі де кәдік. Осы орайда қызмет­кер­лерін таза ауаға алып шығып, Алатау бөктеріндегі аты әлемге танымал мұз айдын­ға апарған Тұрғын үй құрылыс жинақ ­банкі бас­шылығының бұл қадамы – құрметке лайық іс.
Сол күні біз «Медеуге» ерте жеттік. Шамамен – таңғы 9:20 шамасында. Кешегі түннен бері салтанат құрған сары аяз тау баурайының буын-буынын босатпай, әлі қалшылдап тұр екен. Күн де таудан әлі асып көтеріле алмай жатыр. Мұны ескерген қызметкерлер мейлінше қалың киініп келіп­ті. Екі автобустан төгіліп түскен бірнеше адам жоғарыға көтерілдік. Біртіндеп басқа да қалалықтар мұнда келе бастады. Дегенмен сол күнгі сырғанақ тепкен жандар­дың басым бөлігін банк қызметкер­лері құрағанын да айта кету керек. Трибуна астында шағын дастарқан жайылған. Ыстық шай де бар. Бәрі қарапайым. Аздан соң 600-ге жуық қызмет­кер аяғына коньки байлап, мұз айдынды бетке алды. Бұл кезде түйме­мізді ағытып, біршама бусанып қалғанбыз. Банк ұжымы­ның дәстүрлі қымбат отырыс түрінен бас тартып, таза ауадағы белсенді демалысты таңдағаны қуантты. Қызмет­кер­лер де риза, олардың балалары тіптен мәз.
– Биыл 350 мыңдай қазақстандық бізге қосылып, өздерінің болашақ баспанасы үшін ақша жинай бастады. Өз арманына, өз баспасына деген алғашқы қадамды әр қазақстандық сенімді түрде жасауы керек. Біз де осындай үнемшіл қадам жасап жатырмыз. Биыл қымбат корпоратив түрінен бас тарттық. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, қызметкерлерімізге ерекше серпін сыйлағымыз келеді. Демалыстың мұндай түрі ең қымбат деген мейрамханада өткен думаннан мың есе артық. Осындай әрекетіміз арқылы барша қазақстандыққа үлгі көрсетуіміз керек. Олар да ақшасын үнемдеп жұмсап, өз үйі жолында еңбектеніп, аз уақыт ішінде жеке баспанаға қол жеткізуді үйренуі тиіс. Өмірімізді жақсартуды, балаларымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуді ойласақ, онда құндылықтар жүйесін өзгерту керек. Сонда ғана кең әрі әдемі үй мен пәтерге қол жеткізе аламыз. Қоғамда қазір жаппай үрдіске айналған бір мезеттік тұтынушылық идеологиясына қарсылық ретінде ұзақмерзімді жинақ мәдениетін қалыптастырған абзал. Сон­дықтан бұл ретте алдымен өзіміз көпке үлгі болайық деп шештік. Бұл бас­та­ма алдағы жылы да жалғасын табады, – дейді Тұрғын үй­ құры­лыс жинақ ­банкі­нің басқар­ма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – қасаң мемлекеттік құрылым деген ұғымды өзгерт­кі­міз келеді. Биыл біз клиенттермен белсенді жұмыс жүргізіп, қоғаммен де ортақ диалог орната алдық. Мұндай өзара байла­ныс­тың фор­маларын жетілдіру үшін әлі де еңбек етеміз, – деп атап өтті басқарма төрайымы.
Бес жылдан бері банкте кеңесші қызметін атқарып келе жатқан Алмастың айтуынша, корпоративті бастапқыда осындай форматта өткізеді деген кезде қатты таңғалған.
– Бізде корпоратив табиғат аясында алғаш рет өтіп отыр. Бұған барша банк қыз­меткерлері және орталық аппарат өкіл­дері түгел қатысуда. Бұл әрине, адамға аса жа­ғым­­­ды әсер сыйлайды. Өзім Медеуге біраз­дан бері келмеген едім. Сондықтан қатты қуаныштымын. Алдағы уақытта да кез-келген мереке аясында табиғат аясына жиы­лып, қуанышты бөліссек деген ой да келе бастады. Өзім коньки тебуді жақсы көремін. Әрине, керемет сырғанаймын деп айта алмаймын. Дегенмен аяққа тұрып, өз ләз­­затым үшін мұз айдында сырғанаймын, – дейді Семей қаласынан келген Алмас Жибраев.
Бастама алғаш жария етілген кезде көп адамдардың таңырқап қалғанын Тұрғын үй ­құры­лыс жинақ банкі басқарма төрайымы­ның орынбасары Жанар Жұба­ниязо­ва да жасырмады.
– Кез келген стандартты емес дүниенің бастамасы – адамдардың таңданысын тудырады ғой. Осы бастама арқылы салауат­ты өмір салтын да насихаттағымыз келеді. Бұл – ары қызықты, ары үнемді. Бастама тек қызметкерлердің ауызбіршілігін арттырып қана қоймайды, біздің салымшыларымызды да біріктіреді. Алғаш рет осы бастаманы жариялап, көпшілік адамдарға шақырту бергенімізде бәрі таңырқап, басында сенбеді. «Корпоратив таң атпай бола ма?» деді. Бірақ кейін риясыз қуанды, – дейді ол.
Осы банкте есепші болып қызмет атқаратын Гүлжаһан Досқұлова да жаңа бастамаға дән риза.
– Таудың бөктеріне келіп мерекені тойлағанымыз көңілге жағып жатыр. Отбасымызбен де Медеуге онша келе бермеуші едік, міне бүгін сәті түсіп, уақытты демалысқа бөлудеміз. Осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін басшылыққа алғыс айтамын. Банкте жұмыс істеп жатқаныма биыл тоғыз жыл екен. Қазіргі қызметім өзіме қатты ұнайды. Жалақыма да көңілім толады. Ең басты айта кетерлігі – ұжым өте тату және ауызбіршілігі мол. Мұндай әріптестермен бірге уақыт өткізудің өзі ғанибет, – дейді ол.
Жалпы, биыл банк басшылығы бірқатар іргелі істерді қолға алып, жүзеге асырды. Мәселен, жыл сайын өтетін дәстүрлі «Жасыл мекен» акциясы аясында ТҚЖБ қазақстан­д­ықтарды ауласы көгалдандыруды қажет ететін тұрғын үй кешендеріне дауыс беруге шақырған болатын. Осы бастаманың нәтижесінде банк есебінен 1000-нан астам көшет отырғызылды. Дауыс беруге 25 мыңнан астам адам белсене атсалысқан. Ал тамыз айында банк ерекше батыл қадамға барып, клиенттерге арналған смс-хабарла­маларды әзіл форматында таратты. Сонымен қатар жыл басталғалы бері банк қызмет­кер­лерді оқытудың ойын түріндегі әдістерін сәтті қолданып келе жатыр. Осы еңбектің нәтижесі болар, банк «Қазақстан» аталымы бойынша «Орталық Азияның HR-бренді» атты беделді жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан басқа жуырда ғана «Орындалатын миссия!» атты республикалық онлайн-ойыны да өз мәресіне жеткен еді. Аталмыш ойынның басты мақсаты – банк кеңесшілер желісінің қатарына белсенді және талапты адамдарды тарту. Бұл бастама қоғамда үлкен резонанс тудырып, оған ел бойынша 2000-нан астам адам қатысты. Әлеуметтік желідегі бұл көрсеткіш миллионнан асып кеткен.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа жылдық мейрамына тек қызметкерлер емес, коньки тебуге келген қала қонақтары мен тұрғындар да қатысты. Жиналған қонақтар үшін Medeo Band тобы ән салып, сондай-ақ жан жадыратар қызықты байқаулар да ұйымдастырылды.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз