Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлері жаңажылдық кештен бас тартты

0
132
22 Желтоқсан 2018, 14:24 448 0

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған банктің қызметкерлері жаңажылдық корпоративті Медеу мұзайдынында сырғанақ тебумен өткізуде. Банк ұжымы дәстүрлі қымбат отырыстан бас тартып, таза ауадағы белсенді демалысты таңдаған.

Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспанаға қол жеткізу үшін алдымен үнемшілдіктен бастау керектігін айтады.

«Біздің банк жаңажылдық мейрамды коньки теуіп қарсы алуда. 350 мың отандасымыз биыл бізде депозит ашып, өз баспаналары үшін қаржы жинауды бастады. Баспанаңызға қаражат жинауды алдымен өзіңізден бастауыңыз керек. Банк ретінде біз де бастама көтеріп, қымбат тұратын корпоративтерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануды жөн көрдік. Мұнда банк қызметкерлері отбасыларымен келіп коньки тебуде. Біз осылайша барша қазақстандықтаға үлгі көрсетіп, оларды үнемшілдікке шақырудамыз», – дейді ол.

Медеуге банктің әр аймақтағы филиалдарында жұмыс істейтін қызметкерлері де шақырылған. Барлығы 600-дей адам жиналған. Солардың бірі – Астана қаласынан келген Әсел Төлеуғалиева. Ол банктің мұндай бастамасын қуана қолдағанын айтады.

«Өзгелерге үлгі көрсетіп әрі салауатты өмірді насихаттайтын мұндай бастаманы жүз пайызға қолдаймын. Еліміздегі ұлттық компаниялар мен мекемелер де осындай шара өткізсе нұр үстіне нұр болар еді», – дейді банктің Астана қаласындағы қызметкері Ә.Төлеуғалиева.

Басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова мерекелік шараға шақырылған қонақтардың бәрі бір қуанып қалғанын айтады.

«Мерекелік кештер тек мейрамханада, үстел үстінде ғана емес, оны осындай әдемі табиғат аясында да өткізуге болады. Қала тұрғындары қаражатты той-думанға ғана жұмсай бермей, өзінің баспанасына жинап, үнемдей білсе екен деген оймен бүгінгі демалысты үлгі ретінде жасап отырмыз. Көктемде «Жасыл мекен» акциясын өткізіп, ағаш отырғызған болатынбыз. Мұндай шаралар пайдалы әрі үнемшілдікке, халыққа жақын болуға септігін тигізеді», – дейді ол.

Мұз айдынындағы мейрам кезінде қызықты байқаулар ұйымдастырылып, «Тұрғын үй құрылыс банкі Аяз атасы» атты флешмоб ұйымдастырылды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ