Түнімен 200 адам іздеген: Алматы облысында мұғалімдері қорқытқаны үшін үйінен қашып кеткен оқушы табылды

0
43

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Мерей саяжайында алтыншы сынып оқушысы жоғалып кетіп, оны түнімен 200 адам іздепті. Кейін бала табылып, өзін сынып жетекшісі мен тәрбие ісі жөніндегі қызметкер қорқытты деп жылапты. Үйден қашып кеткендігін де осылай түсіндірген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Мектепке зар болдық деген Мерей ауылының тұрғындары кешегі түнін ұйқысыз өткізіпті. Өйткені көрші ауылдағы мектепке қатынап оқитын оқушысы жоғалып кетіп, шарқ ұрып іздепті. «Өз аулымызда мектеп болмағасын, оқушымыз өстіп сенделіп кетеді» деп отыр. Ал жоғалған баланың анасының айтуынша, №48 орта мектептің ұстаздары келіп, оқушыны қорқытып кеткен.

«Сол халық болмағанда біз баламыздан айрылап қалар ма едік? Баламыз жоқ, шошып қалған, баламыз қорқып қалған. Сол тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға ескерту беруіңізді сұраймын. Апайы айтты, біз шамалы қорқытып қойып едік дейді. Оны орынбасар мойындамады», – деді оқушының анасы Сағынбаева Ұлжамал.

«Полиция келеді дегенге мен қорқып үйден кетіп қалдым. Түнімен ұйықтамадым, ана жақта бір ауыл бар екен, соның ішінде бір цемент бар екен, соның ішінде отырдым», – деді оқушы Асылбек Әбубәкірұлы.

Ал ұстаздардың айтуынша Асылбек онлайн оқуға қатыспағалы бір апта болыпты. Кейде телефоны жоқ, кейде көшеде ойнап жүріп қалады-мыс. Оның үстіне баланың ата-анасына қаңтар айында да оқу үлгерімі үшін ескерту жасалыпты.

«Менің кінәм қаттырақ айтқаным шығар, ата-анасына ескертпей барғанымыз шығар. Мен соны мойындаймын. Учаскелік полицейді ескертіп айтқанмын, өйткені ол оның алдында болған», – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрпия Әбдраманова.

Психологтардың айтуынша, Асылбек – өте тұйық оқушы. Ішіндегісін айта бермейді.

Ал мектеп тәртібі бойынша онлайн оқуға себепсіз қатыспаған баланың ата-анасымен жеке түсіндірме жұмысы жүріп, арнайы тізімге де енуі мүмкін екен.

«Мұғалім ғана емеспіз, бір орган емеспіз, ешкімді қорқытпаймыз, үркітпейміз. Себебі ата-анаменен бірге бізде ана ретінде, әке ретінде балаға қамқорлық жасаймыз, енді баламен психологиялық жұмыс жасаймыз», – деді №48 орта мектептің директоры Гүлсая Әбілмәжіқызы.

Ата- анасының айтуынша, баласы бұрын үйден қашпаған. Ал аталмыш мектеп директоры бұл жерде кінә екі жақтан да бар деп отыр. Тиісті жазаны тек заң өкілдері қабылдайды.