ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ – 41 НЫСАН
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқаты: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы басым міндеттерді орындау бойынша барлық өңірлерде өркенді істер қолға алынуда. Жамбыл өңірінде де халықтың тұрмыс сапасын арттыруға негізделген ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс аз емес. Оның бір нәтижесі ретінде облыста 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай 41 нысан ашылды. Оның 32-сі – медициналық мекеме.
Бүгінгі таңда облыс көлемінде халық денсаулығының сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері қолданылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша инновациялық әдіс-тәсілдері енгізіліп, жаңа ғимараттар мен нысандардың құрылысы жүргізілді.
Мереке қарсаңында облыс орталығы Тараз қаласында медицициналық жедел жәрдем стансасына берілетін автокөліктердің кілтін тапсыру салтанаты өтті. Бұл күні барлығы жалпы саны 27 көлік тапсырылды. Оның 1-і «Газель» мен 16-ы «УАЗ» көлігі.
Бұдан бөлек, ашылған 32 медициналық нысанның 29-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген. Оның 13-і – ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттер. Олар Байзақ ауданындағы Шахан, Көкөзен, Жаңатұрмыс, Жібекжолы, Сарыбарақ, Тегістік, Қордай ауданындағы Көкадыр, Меркі ауданындағы Екпінді,Сарысу ауданындағы Шағалалы, Қамқалы, Т.Рысқұлов ауданындағы Шолаққайыңды, Талас ауданындағы Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ бұл күндері Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродекова, Пригородное, Ақбұлым, Түркісіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата, Меркі ауданындағы Мыхан, Сарысу ауданындағы Игілік, Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.
Ал ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат, Шу ауданындағы Тасөткел ауылындарында ашылды.
Айта кету керек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі бұл нысандардың құрылысын салу барысында өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғандағы құны төмен болып, 1,4 млрд теңге бюджеттік қаражат үнемделді. Бұл арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға қамтылады. Жалпы, облыста 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымына ғимарат қажет болатын. Бұл бюджеттік инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылғанда, оған жалпы 6 567,6 миллион теңге және 7 жыл уақыт керек болатын. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу арқылы мерзімін 3 жылға, жұмсалатын қаржы көлемі 2 376 миллион теңгеге үнемделді. Нақтырақ айтқанда, 4 жыл уақыт және 4 192 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Яғни, 95 нысанның 29-ы биыл ашылса, 2019 жылы – 40, 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда.
Тұңғыш Президент күніне орай Жамбыл облысында халықтың медициналық мекемелерге деген қолжетімділігін арттыруға арналған бұл нысандардан бөлек, жұртшылықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыруға негізделген мекемелер де ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қабылдау бөлмесі, Жамбыл ауданында «Мөлдір», Жуалы ауданында «Әсем достар» жекеменшік балабақшалары, Қордай ауданында 75 орынды «Балалық шуағы», 50 орынды «Нұр-Әділ»», 50 орынды «Балалық базары» балабақшалары және 120 орынды «Болашақ» шағын орталығы, Т.Рысқұлов ауданында 120 орынды «Бота» бөбекжай, Ауқатты ауылдық полиция бөлімшелері ашылды. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бұл барлық 41 нысан алдаға уақытта Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттердің орындалуы жолында ел игілігіне жұмыс жасай бермек.
Ерман ӘБДИЕЕВ, Жамбыл облысы