Тұңғыш Президент күні туған нәрестелерге сыйлықтар жасалды

0
01 Желтоқсан 2018, 15:22 154 0

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің перзентханалары Тұңғыш Президент күні туған нәрестелерге мерекелік тартулар жасады. Бүгін шыр етіп дүние есігін ашқан ұл-қыздарға киім-кешкетер мен бала күтіміне арналған гигиеналық құралдар сыйға тартылды.

Бұл бастаманы жергіліктік бизнес-қауымдастық қолдады. Балаларға арналған киімдер жиынтығын павлодарлық тігіншілер дайындап берген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, таңертеңге дейін 14 сәби дүние есігін ашыпты.

«Павлодар облысы бойынша тәулігіне орташа есеппен 30 бала дүние есігін ашады. Ал бір жылда 12 мың нәресте туылады. Бүгінде денсаулық сақтау саласында ана мен бала денсаулығына баса мән берілген. Жыл сайын бұл бағытта 2 млрд теңге бөлінеді. Перзентханалардың материалдық-техникалық базасы нығайып, мамандар алыс-жақын шетелде білім алу мүмкіндігіні ие. Сондықтан, бала туу көрсеткіші артып, өлім-жітім азайған», — дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Ораз Мұқашев.

Бүгін перинаталдық орталықта алты бала дүниеге келді. Олардың екеуі – ұл, төртеуі – қыз бала. Тұңғыш Президент күні бақытқа кенелгендердің қатарында Жадырай Байысова да бар.

«Екінші рет ана атанған жайым бар. Күнім дәл мерекеге келіп, тоғыз ай көтерген қызымды дүниеге әкелдім. Бұл – менің екінші қызым. Ұл бала туса, есімін Нұрсұлтан деп қояр едім. Келешекте ұлды болсам, Елбасымыз сияқты болсын деп Нұрсұлтан деп ат қоямын», — дейді жас ана.

Айта кетейік, өңірдегі медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 20-ға жуық емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өтті. 600 млн теңгеге жуық қаражатқа 543 технологиялық, ал 1041,6 млн теңгеге медициналық құрал-жабдық, сонымен қатар, 914,8 млн теңгеге 96 көлік сатып алынды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ