Түнгі қуғын. Сайлау нәтижесіне наразыларды ұстау

0

Алматыда дүйсенбінің кешінде «Алматы Арена» спорт кешені маңына жиналып, елдегі кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіні және сайлау учаскелерінде дауыс беру кезіндегі жаппай заңбұзушылық туралы мәлімдеген азаматтар «Бейбіт митингілер, шерулер мен пикеттер» туралы заң талабын бұзғаны үшін ұсталған. Бұл туралы маусымның 11-і күні Нұр-Сұлтанда Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.

Қожаевтың сөзінше, «рұқсатсыз жиналғандар прокурор ескертуін елемей, тарқамай қойған соң полиция бөлімшесіне жеткізіліп, әкімшілік жазаға тартылған». Бірақ ол қанша адам ұсталып, қаншасы әкімшілік жауапқа тартылғанын нақтыламады.

ТҮН ІШІНДЕГІ ҚУҒЫН

Алматыда дүйсенбінің кешінде ұсталғандардың арасында айтыскер Ринат Зайытов та болған еді.

Сейсенбіге қараған түні Алматы көшелерінде полиция қашып бара жатқан адамдар бейнеленген видеолар әлеуметтік желілерде сол сәтте тарап жатты.

Полицияның арнайы жасағы мен Ұлттық ұлан сарбаздарының қатысуымен болған бұл оқиғадан бірнеше сағат бұрған Алматы полиция департаменті алдына жүздеген адам барған болатын. Олар полициядан айтыскер Ринат Зайытовты босатуды талап етті. Зайытовты дүйсенбінің кешінде Алматыдағы Алатау театры маңына жиналып, жексенбі күні елде өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми алдын ала қорытындысын мойындамайтыны және сайлау кезіндегі жаппай бұрмалаушылық болғаны туралы мәлімдеген бір топ адаммен бірге полиция ұстап әкеткен еді.

«Алматы арена» спорт кешені жанында ұсталғандар. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Биылғы кезектен тыс президент сайлауында «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынған үміткер, өзін «оппозициялық кандидатпын» деп атайтын саясаткер Әміржан Қосановты қолдаған айтыскер Ринат Зайытов пен режиссер Еркін Рақышев сайлаудың ресми алдын ала қорытындысымен келіспейтіндерін мәлімдеді. Олар сайлау учаскелеріндегі өз бақылаушылары жинаған дерек пен Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәлімет арасында елеулі айырмашылық бар екенін айтты. Маусымның 10-ы күндіз Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала ресми қорытындысын жариялап, «Нұр Отан» партиясының кандидаты әрі қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жеткені туралы хабарлаған.

— Сайлаудың нәтижесін мойындамаймыз. Мына жерде жүздеген бақылаушы тұр. Бұлардың бәрі куә соған [заңбұзушылықты айтады — ред.], — деді Рақышев.

— Мен сіздердің орталарыңыздамын. Ертеңгі күннен бастап мен партия құруды қолға аламын. Ертеңнен бастап барлық заңды оқып, жаттап, сіздерге бағыт беруге тырысамын, ағайын. Ол үшін мен ештеңеден қорықпаймын, тайсалмаймын. Жаңа Жүрсін ағамнан бастап ескертіп жатыр бәрі, қамайды, өйтіп-бүйтейді деп. Сонда әрқайсымыз қорықсақ не боламыз, ағайын! — деді Ринат Зайытов жиналған жұртқа.

Сол сәтте осы жерге күнібұрын әкелініп, сырттай бақылап тұрған полиция жасағы адамдарды шетінен ұстай бастады. Алатау театры алдындағы алаңда полицияның бірнеше жабық автокөлігі мен Ұлттық ұлан сарбаздарын таситын әскери жүк көліктері тұрған. Алматы полиция департаментінің бастығы мен прокуратура өкілі полиция қызметкерлерінің азаматтарды не үшін ұстап жатқанын сұраған журналистер сұрағына жауап бермеді.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АЛДЫНДАҒЫ ЖИЫН

Дүйсенбі күні сағат 20:00 шамасында Алматы қаласы полиция департаментінің алдына адамдар жинала бастады. Олар полициядан соның алдында «Алматы Арена» спорт кешені маңынан ұстап әкеткен Ринат Зайытов пен өзге де азаматтарды босатуды талап етті. Олар полицияның «Зайытов үйіне қайтып кеткен» деген сөзіне сенбеді. Әнші Нұрлан Албан бұл жерге «көтеріліс жасауға» келмегендерін айтты.

— Бұл наразылық шарасы немесе көтеріліс емес, ұсталған бауырларымызды сұрайтын, іздейтін адам бар екенін көрсету, — деді ол.

Ринат Зайытовтың жақтастары Алматы қалалық полиция департаменті маңында тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Ринат Зайытовтың жақтастары Алматы қалалық полиция департаменті маңында тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Жиналғандар полицияның департаментінің алдында үш сағаттан артық тұрды. Сол жерде полиция департаменті басшылары, прокуратура қызметкерлері мен Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та жүрді.

— Ішіп алған жастар бұзықтық жасамасын деп келіп тұрмыз. Жолдан біраз адам қосылып алды, алаңға барамыз деп ұран жасады. Араларында масы да бар, бұзығы да бар. Ал Ринатқа (Зайытов — ред.) ешқандай айып тағылмайды. Қазір осында келеді, өзі айтады, — деді әкім орынбасары.

Біраз уақыт өткенде осы жерге Ринат Зайытов келді.

— Тараңыздар. Мен үйден келдім. Көңілім босап, көзіме жас келіп тұр. Сіздермен біргемін. Тарқайық. Ұсталғандардың бәрі шықты. Бәрі дұрыс. Ешкім ешқайда алып кетпейді, — деді ол.

Сөзін аяқтаған соң Ринат Зайытов көлікке отырып, кетіп қалды. Кейін жиналғандар да ақырындап тарай бастады. Департамент алдына келгендердің бірі «Қазақстан бір қадам алға! Біз жеңдік!» деп айғайлады.

Кейбірі жаяу, енді біреулері автокөлікке отырып, Масаншы көшесімен төмен түсіп, Төле би көшесіне қарай беттеген азаматтар автокөліктерінің дыбыс белгісін қосып, әнұран мен патриоттық әндерді шырқай бастады. Жол-жөнекей оларға басқа адамдар да қосылып, колонна қарасы көбейе бастады. Біршама уақыт өткенде қалада адамдарды ұстап жатқаны туралы жаңа ақпарат тарады.

«Қалада жекелеген адамдарды ұстап жатыр» деп хабарлады Facebook парақшасында трансляция жүргізген журналист Әсем Жәпішева.

Azattyq