«Түнгі мыстандар» мініп, жауға қырғидай тиген По-2 ұшағы қандай еді – фото

0

Ұлы Отан соғысында жаумен шайқасқан жалғыз қазақ ұшқыш әйелі әйгілі әуе полкінің құрамында болды және По-2 ұшағымен ұшты

Оралдық мектеп оқушысы Хиуаз Доспанова бала кезінен ұшуды армандады.

Мыңдаған бала сияқты ол да КСРО-ның ұшқыш-батырлары Гризодубова, Осипенко, Раскованың ерлігіне тәнті болған еді.

Хиуаздың аэроклубта По-2 оқу ұшағымен жаттығуына ата-анасы қарсы болмаған. Ал кейін ол осы ұшақпен бүкіл соғысты бастан өткерді.

Ұшақ – жеңіл, маневр жасауға оңтайлы, фанера мен металдан жасалған. Мұндай ұшақта ұшқыш пен штурман үшін екі орын ғана бар. Олар сағатына 120-130 шақырым жылдамдықпен, төмен биіктікте және тек қана түнде ұшатын. Өйткені, күндіз жау үшін оңай нысанаға айналады.

Оқи отырыңыз: Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов жайлы не білеміз?

Хиуаз аты аңызға айналған ұшқыш Марина Расковамен кездесуді армандады. Сондықтан ол мектепті бітіргеннен кейін Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери әуе академиясына оқуға түсуге аттанды. Өкінішке қарай, бұл оқуға түсу мүмкін болмағандықтан, Хиуаз дәрігер мамандығын таңдап, Бірінші Мәскеу медициналық институтының студенті болды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Хиуаз мединституттың екінші курсында оқып жүрді. Атақты Марина Раскованың басшылығымен әйелдер әуе полкі құрылып жатқанын естіген қыз ұшқыш болу арманының орындалуына аз қалғанын түсінді. Хиуаз кейіннен «Түнгі мыстан» деп аталып кеткен 588-ші түнгі жеңіл бомбалаушы авиация полкінің штурман-атқышы болды.

Небәрі 17-22 жас аралығындағы ұшқыштар мен механиктерден құралған полктегі жүз он бес жас қыз фашистерге қырғидай тиді. Достары Катя деп атаған Хиуаз Доспанова Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказ бен Закавказьеде, Украинада және Белоруссияда соғысты. Полк бүкіл соғыстан өтіп, Жеңісті Берлин түбінде қарсы алды.

Оқи отырыңыз: 17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер



sputniknews.kz