Түнгі клубта танысқан қыз «жігітін» өлімші етіп сабап, үйін тонап кеткен

0
471

Түнгі клубта танысқан аруы оралдық жігітті бір миллион теңгеге «отырғызып» кетті. Голливуд фильміндегі шым-шытырман оқиға батыста қайталанды. Келтірілген деректерге қарағанда, клубта танысқан қыз екі сыбайласымен бірге оралдық азаматты тонап кеткен. Көгала қойдай сабап, үйдегі бағалы заттардың бәрін тиеп алып кетіпті. Арудың арбауына түскен сері туралы Еркін Кариннің репортажында. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.

Көгала қойдай таяқ жеген жігіт сұхбат беруге келісті. Бір ғана шарт, аты-жөнін атамау және бет-әлпетін көрсетпеу. Өзін Маратпын деп таныстырған жас жігіт Атыраулық арумен Оралдағы түнгі клубта танысыпты. Көңілі жарасқан соң екеуі жігіттің үйіне барған. Сөйтсе сулу қыз жалғыз емес екен. Ол пәтерге екі сыбайласын кіргізіп Маратты әбден тонаған екен.

Марат АХМЕТ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Үйге барайық» деп өзі атты. Үйде шешінуге карта ойнадық. Сол кезде біреу телефон соғып алданып қалдым. Ал, ол екі сыбайласын кіргізіп үлгеріпті. Дәретханадан шыққан бетте соққыға жығылдым. Есімді жиып үлгірмедім. Біреуі қылғындырып, екіншісі саныма пышақ тықты. Телефоным мен банк карталарын сұрап, ақша талап етті. «Бәрін де алыңдар!», – деп уақыт созуға тырыстым. Әйтпесе аямайтын еді. Екеуі мені осылай азаптап жатқанда әлгі «қызым» үйді аралап, бүкіл бағалы затты жинап алды.

Қарақшылар үйді тонап жатқанда Марат ваннаға тығылып, есікті ішінен жауып үлгерген екен. Үш ұры сол кезде қашқан. Полиция оларды Атыраудан іздеп тапты.

Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Шығын көлемі 1 миллион теңгеге жетеді. Үйдегі ноутбук, алтын әшекей сияқты бағалы заттарды олжалаған. Біз күдікті қыздың есімін ғана білдік. Дегенмен қылмыс ізі суымай ашылды. Олар, Атыраудағы жалдамалы пәтерден табылды.

Ұсталған күдіктілердің осыған ұқсас басқа қылмыстарға да қатысуы болуы мүмкін. Былтыр бір ғана Батыс Қазақстан облысында осыған ұқсас 151 дерек тіркеліпті. Тергеу жүріп жатыр. Қылмысы дәлелденсе қарақшылар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Армандағы аруымен танысамын деп тақырға отырған жігіт, «Тірі қалғаныма тәубе», деп отыр. Бірақ ол енді түнгі клубты емес дәріханаларды жағалап жүр. Пышақ тиген аяққа-дом ем керек, оның үстіне бір құлағы дұрыс естімей қалған көрінеді.

Е. Карин

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету