«Түнде қиналып, жылаймын»: Сириядан оралған қазақстандық әйел балаларының бәрі көз алдында ажал құшқанын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Сириядан оралған қазақстандық әйел соғыс аумағындағы ауыр өмір туралы айтты. Ол соғыс аумағына балаларымен бірге күйеуінің соңынан кеткен екен. Алайда сол жақта балаларының бәрінен айырылып, елге бір немересімен ғана оралған.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

2018 жылы «Жусан» операциясымен елге қайтып оралған қазақстандық әйелдің сөзінше, ол Сирияға 2014 жылы балаларымен бірге аттанған. Күйеуі содан бір жыл бұрын соғыс аумағына кеткен екен. Ол күйеуінің Сирияға аттануына жат ағымдағылармен танысуы себеп болғанын айтады.

«Күйеуім үйге кеш келетін. Одан қоймай сұрағанымда: «Уайымдама, әмірлермен, бауырлармен таныстым», — дейді. Ноутбуктан түрлі заттар қарайтын. Мен жұмыс істеп жүрдім. Онша мән бере қоймадым. Бір күні сұрадым. «Ол саған керек емес, қарамай-ақ қой», — деді. Сол кездерде Қазақстаннан бірнеше отбасы Сирияға кетіп, видеоүндеу жарияланды. Кейіннен күйеуім менің де балалармен бірге Сирияға кетуім керек екенін айтты. «Мен кеткенде, сен қалсаң бұл жақта дұрыс өмір сүре алмайсың. Әрлі-берлі сүйрейді», — деді», — дейді Сириядан оралған әйел

Осылайша, әйел күйеуінің соңынан аттанғанда үш баласы 6, 12 және 15 жаста болған екен. Сирияға барған бойда, үлкен балаларын алғашқы әскери дайындықтан өтуге алып кетіпті.

«Қорқыныш болды. Бірақ ол кезде исламның ең жоғары деңгейі – шәхада деп деп миымызға сіңіріп қойған. Ол кезде соған сеніп, Алладан шәхада аламыз деп ойладық. Неге екенін білмеймін, бір жарылыс болса, бәріміз бірге мерт боламыз деген ойда болдым», — дейді ол.

Айтуынша, ол сол жақта үш баласынан да айырылған. Бәрі ажал құшыпты. Елге тек бір немереммен қайттым, дейді.

«Сол жақта қыз баланы өмірге әкелдім. Ол да Аллаға кетті. Біздің үйге екі бомба түсті. Мен, келінім және екі немеремнен басқасының бәрі, жалпы 5 адам көз жұмды», — дейді әйел. 

Сирияда көрген ауыр күндерін еске алған әйел ең қиын кезеңнің 2016-2017 жылдары басталғанын айтты.

«2017 жылы шекараны жауып тастады, азық-түлік кіргізбеді. Осындай амалдармен қысым жасай бастады. Сол кезде қиын болды. 2016 жылдан бастап бомбалау, әрлі-берлі көшу сол кезде басталды», — дейді қазақстандық әйел.

Бүгінде балаларынан айырылған әйел өзегін өкініш өртейтінін жасырмайды. 

«Түнде өзіммен-өзім қалғанда қиналып, жылаймын. Күн сайын балалырмды еске аламын. Өте ауыр… Дінде біреудің соңынан көзсіз еру деген түсінік бар. Дін жағынан білімді болу керек. Дініңді біліп, өз еліңде өмір сүріп, отбасың жат ағымның соңынан кетіп қалмауы үшін, дұрыс дінді үйрету керек», — дейді көзіне жас алған әйел.

stan.kz