«Тұлпар мініп, ту алған» төбедегілер 4-ші сыныптың тентегін еске салды

0

Алматы қаласы Білім басқармасы жалпы жүлде қоры 12 млн теңгені құрайтын  «Тұлпар мініп, ту алған» әдеби-танымдық байқауын жариялағаннан кейін тамыздың соңғы күндері ақын Серік Сейітман керемет бір эстафета бастады. «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатындағы «Алпамыс батыр» жырын оқу эстафетасы» деп жаза отыра жыр-дастаннан үзіндіні оқып беру кезегін талантты актер Бекжан Тұрысқа жолдайды. Он саусағынан өнер тамған ағамыз оны бірден қабылдап, ұлттық рухты көтеруге арналған кез келген бастаманы қолдауға дайын екендігін байқатты. Бекжан Тұрыстан эстафета алған Сәкен Майғазиев үнсіз қалса да, эстафета үзілмеді. Қалқаман Сарин, Берік Уәли, Ерлан Қарин болып жалғасып кете барды.

Алғашында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына қызығушылық тудыруға септік болар деген мақсатпен жарияланған эстафета әп-сәтте әлеуметтік желіде кеңінен таралып кетті. Байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаз баяғыда-ақ анықталғанымен, эстафета тоқтап қалған жоқ. Керісінше аясы кеңейіп, Астананың сол жақ жағалауынан бір-ақ шықты. Министр, әкім-қараның да шет қалмай, белсенділік танытқаны, әрине, көңіл қуантады. Алайда әдеттегідей артық қыламын деп тыртық қылғандары еріксіз күлдіреді. Себебі олардың бәрі «Алпамыс» жырын жатқа білмейтіндерін жасыра отырып, кішкентай бір үзіндіні жатқа оқып бере алмаулары әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Солардың кейбірін назарыңызға ұсынайыншы. Дейді халық:

Chingiz_primzhanov: «Тек орыс ұлтының өкілі таза, мінсіз айтып шықты»

Zhanerke.abilkasym: «Оқып тұрып біз де айта аламыз-ау»

Tykhanov: «Оқығанның мағынасын түсінетін болса! Ұяттан мынандай ырғақпен оқымас па еді?»

Meirambekbekkozhiev: «Ұят қой, мынау бірінші сыныптың балалары сияқты»

Sanzhar122: «Біздің министрлер парақтан әзер оқып жүр, масқара!»

Bigarinchingiz: «Ашу-ызаға толы пікірлер көп жазылған. Қызық, осылар пікір оқи ма екен?»

Zhuldyzstar: «Баладан өзгесі оқып тұрғандай көздері жүгіріп тұр»

Ryshkenovna_ : «Ерлан Қарин, Қырымбек Көшербаев, М.Шутов 5 қояр едім, ал қалғандарына 3+»

Эстафетаны жалғау деген сөз жыр-дастанды міндетті түрде жатқа айтып шығу емес. Кітапқа қарап немесе ұялыға телміріп отырып-ақ үзінді оқып шығуға болады. Бұл эстафета көзбояушылық үшін ұйымдастырылған жоқ болатын. Осыны ескеріп, эстафета жалғауды кезекті науқанға айналдырмау қажет еді. Жер жастанған қайсар мінезді ата-баба рухына тағзым ете отырып, бар пейілмен, шын көңілмен, «Алпамысты» жырлау шарт болатын. Тақпақ айтқандай тез оқып шығу, кешірерсіздер, 4-ші сыныпта оқып жүрген тентектің ісі.

«Қамшы» сілтейді